Адам құқықтары жөніндегі Андрей Сахаров атындағы сыйлық биыл Венесуэланың демократиялық оппозициясы мен саяси тұтқындарына берілді. Сыйлықпен марапаттау салтанаты Страсбургте өтті. Сыйлықтың 50 мың еуро көлемінде ақшалай жүлдесі бар.
Сахаров сыйлығын тағайындайтын Еуропа парламенті таратқан мәлімдемеде Венесуэланың қазір ауыр саяси және экономикалық дағдарысты бастан өткеріп жатқаны, ал ел түрмелерінде 500-дей саяси тұтқын отырғаны айтылады.
Еуропа парламенті Сахаров сыйлығын 1988 жылы тағайындаған және ол адам құқықтары мен басты еркіндіктерін қорғауға көрнекті үлес қосқандарға беріледі.
Өткен жылы бұл сыйлық Ирактан шыққан құқық қорғаушылар Надиа Мурад пен Ламийя Аджи Башарға берілген. Олар езидтердің (күрдтердегі этноконфессиялық топ) құқығын қорғап, "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының әрекетінен зардап шеккен әйелдер мен балаларға көмектескен.