Accessibility links

Пучдемон Каталония тәуелсіздігін жақтайтындарды құттықтады


Карлес Пучдемон, Каталонияның биліктен кетірілген басшысы. 21 желтоқсан 2017 жыл.
Карлес Пучдемон, Каталонияның биліктен кетірілген басшысы. 21 желтоқсан 2017 жыл.

Испанияның Каталония аймағының отставкаға кетірілген басшысы Карлес Пучдемон аймақ парламенті сайлауының нәтижесін «Каталония республикасының монархияны жеңуі» деп атады. Испаниялық El Espanol газетінің жазуынша, Пучдемон каталониялықтар «пікірін тыңдату құқығын жеңіп алғанын» мәлімдеді.

21 желтоқсанда Каталония парламентіне мерзімінен бұрын өткен сайлауда аймақтың Испаниядан бөлінуін жақтайтындар жеңген. Сайлауға дауыс беру құқығы бар азаматтардың 82 пайызы қатысқан. Барлық бюллетеннің 99,8 пайызын санағандағы есеп бойынша, Каталонияның тәуелсіздігін жақтайтын үш партия жаңа парламенттегі 135 орынның 70-іне ие болмақ. Бұл жайында 22 желтоқсанда жергілікті үкімет өкілдері хабарлады.

Ал Каталонияның Испания құрамында қалғанын жақтайтын «Азаматтар» (Ciudadanos) партиясы аймақ парламентінде ең көп орынға (37 орын) ие болды. Бірақ партия коалиция құра алмайды. Бұл партия 2015 жылғы сайлауда 25 орынды иеленген болатын.

Биыл қазан айында Каталония парламенті жергілікті референдум қорытындысы бойынша автономиялық аймақтың Испания құрамынан шығып, тәуелсіздігін жариялауына басым көпшілік дауыспен қолдау білдірген болатын. Мұнымен келіспеген Испания орталық өкіметі іле-шала Каталония парламенті мен үкіметін таратып, аймақты Мадридтен тікелей басқару тәртібін енгізген және Каталония парламентінің кезектен тыс сайлауын желтоқсанға тағайындаған.

Еуропа елдері мен АҚШ Испания орталық үкіметіне қолдау білдірген.

Биліктен тайдырылған Каталония аймағының басшысы Карлес Пучдемон Бельгияға кетіп қалып, сол жақтан сайлауалды кампаниясын жүргізген.

Жаңадан сайланған парламент алдағы жылғы қаңтар айының 23-іне дейін аймақ үкіметін жасақтауы тиіс. Ал Каталония аймағының жаңа басшысы сәуірдің 7-сі күні сайланады.

XS
SM
MD
LG