Accessibility links

Шахтинскіде кәсіподақ белсенділерін полицияға шақырды


"Қазақстан" шахтасындағы кеншілер. Қарағанды облысы, қазан 2017 жыл (Көрнекі сурет).
"Қазақстан" шахтасындағы кеншілер. Қарағанды облысы, қазан 2017 жыл (Көрнекі сурет).

Қарағанды облысында кеншілердің ереуілінен соң кәсіподақтың екі белсендісін полицияға шақырды. Шахтинск қаласындағы«Шахтерлер отбасы» ұйымының жетекшісі Наталья Томилова құқық қорғаушыларға бүгін өзін және «Жылу-энергетикалық кешен жұмысшыларының салалық кәсіподағы» (ЖЭКЖСК) филиалының жетекшісі Дмитрий Синявскийді жергілікті полиция бөліміне шақырғанын хабарлады.

«Маған хаттама толтырылып, құжатпен танысатынымды, бәлкім, бірден сотқа апаратынын айтты. Мен әрине өзіме адвокат іздеуге уақыт беруін талап етемін» деген Томилова бейсенбіде Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюросына.

Томилова Азаттыққа бүгін ер адам қоңырау шалып, өзін «учаскелік полиция қызметкерімін» деп таныстырғанын және өзі мен Дмитрий Синявскийді жергілікті полиция бөліміне келіп кетуді сұрағанын айтты. Кейін оған әлгі адам қайта қоңырау шалып, полицияға бүгін емес, 4-5 қаңтар күндері келуді сұраған.

14 желтоқсанда Томилова «Қорғау» кәсіподағы төрағасының шағымы бойынша Шахтинск қаласының прокуратурасында жауап берген соң полиция қызметкерлері кезігіп, өзін қалалық ішкі істер басқармасына алып барған. Томилованың айтуына қарағанда, кейін оны хаттама толтырмай босатып жіберген.

«Қорғау» кәсіподағының төрағасы Марат Мирғаязов сол күні «Томиловты, Синявский мен салалық кәсіподақ мүшесі Қожабекованы жалған хаттама толтырғаны үшін жауапқа тарту туралы» шағымын қайтарып алған.

Полиция 14 желтоқсанда Томилованың «Қазақстан» шахтасы күзетшілерінен түскен арыз бойынша» ұсталғанын айтқан. Бюро хабарламасында «полиция Томилованың іс-әрекетін «ұсақ бұзақылық» деп дәрежелегені, бірақ осы уақыт аралығында оған ешқандай әрекет қолданбағаны» айтылады. Томилова шахта күзетшілерімен арада ешқандай түсінбестік болмағанын айтады.

Томилова Синявскиймен бірге «дөрекілік танытып, «Қазақстан» шахтасына кірмек болғаны» туралы мәлімдемені жоққа шығарады. «Біз шахтаға емін-еркін кірдік. Ешкім жолымызды бөгеген жоқ» дейді Томилова.

11 желтоқсан күні «АрселорМитталТеміртау» компаниясы көмір департаментіне қарасты төрт шахтаның кеншілері түнгі ауысымнан соң басшылыққа бірнеше талап қойып, шахтадан шығудан бас тартқан. Ереуіл төрт күнге созылған.

14 желтоқсанда Шахтинск қаласының соты «АрселорМитталТеміртау» компаниясының «ереуілді заңсыз деп тануды» талап еткен шағымы бойынша «ереуілді тоқтату туралы» ұйғарым шығарған. 15 желтоқсанға қараған түні барлық кеншілер шахтадан шыққан. Билік кеншілер ереуілін тоқтатқан соң компаниямен келіссөз жүргізіп, «еңбекақыны (оклад - ред.) 30 пайыз өсіруге, жер астында жұмыс істейтіндердің тарифтік төлемін көбейтуге және жер үстіндегі жұмысшыларға 30 пайызға дейінгі аралықта біртіндеп өсетін үстеме төлетуге» келісім жасалғанын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG