Қазақстандық құқық қорғаушылар Жеміс Тұрмағамбетова мен Евгений Жовтис Алматыда қамауда жатқан бизнесмен Ескендір Ерімбетовтің жағдайына алаңдайтынын мәлімдеді.
Қазақстандық адам құқығы бюросының сайтында жарияланған хабарламасында құқық қорғаушылар 1 ақпан күні БҰҰ-ның азаптау мәселелері бойынша арнайы баяндамашысы Нильс Мельцердің сұрауы бойынша қамаудағы Ескендір Ерімбетовпен жолыққанын хабарлады. Жовтис пен Тұрмағамбетованың айтуынша, Ерімбетов «қауіпсіздігіне қатты алаңдап отыр».
«Ерімбетовпен жеке өткен кездесуде ол арнайы баяндамашы сауалында келтірілген мәліметтерді растады. Бірақ біз оның еңсесі түсіп кеткенін, қорқып отырғанын және қауіпсіздігіне алаңдайтынын байқадық. Бұдан өзге, Ерімбетовтің дене қызуы көтеріліп, жөтеліп қалғанын, көзі қызарып тұрғанын көрдік. Ерімбетовті қамауда ұстауда да бірнеше мәселе бар екен. Олар дәрігерлік бөліммен және Ерімбетовтің адвокаттары мен туыстарының арыз-шағымына қатысты» делінген хабарламада.
Жеміс Тұрмағамбетова мен Евгений Жовтис Ескендір Ерімбетовке жедел дәрігерлік көмек көрсетуге, оның ішінде дәрігерлік бөлімге ауыстыруға және оны білікті дәрігерге қаратуға шақырады. Олар сонымен қатар Ерімбетовтің жеке бас қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұсынады.
«Ерімбетовті қинап, азаптағаны туралы ақпараттар бойынша ашылған қылмыстық істерді тергеуді шынайы және бұрмаламай жүргізу керек және тәуелсіз психологиялық сараптама жүргізілуі қажет» деп жазады құқық қорғаушылар.
БҰҰ-ның азаптау және адамшылыққа жат әрі ар-намысын таптайтын әдіс-тәсілдер мәселелері бойынша арнайы бандамашысы Нильс Мельцер 26 қаңтар күні Қазақстан үкіметіне Ескендір Ерімбетовтің «азапталғанына» қатысты ақпарат бойынша сауал жолдаған. БҰҰ баяндамашысы сауалында Ерімбетов туыстарының өзіне азаптауға қатысты берген ақпараттарын келтірген.
Бизнесмен Ескендір Ерімбетов пен оның үш әріптесі 2017 жылдың 13 қарашасы күні Алматыда «қаржы жымқырды және жылыстатты» деген күдікпен тұтқындалған. 15 қарашада тергеу соты күдіктіні екі айға қамауға санкция беріп, ол Алматы ішкі істер департаментінің тергеу абақтысына жабылған. 9 қаңтарда сот оны қамау мерзімін екі айға (13 наурыз) ұзартқан.
Қазақстан билігі «БТА банкінен» жымқырылған қаржыны «жылыстатуға қатысы бар» деп айыптайтын Ескендір Ерімбетовтің туыстары оған қарсы істі қолдан жасалған және ол азапталып жатыр деп мәлімдеген.
Оқыңыз: Азаптау шағымы "Ерімбетов ісінің" сипатын өзгертті
Туыстары Ерімбетовті кезінде «БТА Банктің» бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтің заңгері болған қарындасы Бота Жәрдемәліні елге қайтару үшін қуғындап отыр деп біледі. Мұхтар Әблязов өзін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қарсыласымын деп санайды.
Қазақстанның Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы 24 қаңтарда 46 жастағы Ескендір Ерімбетовтің туыстарының оны тергеу абақтысында «азаптап жатыр» деген мәлімдемелерін жоққа шығарған.