Accessibility links

"Қоғамдық сананы жаңғыртуға" бөлінген миллиардтар


Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы бойындағы музейдің алдындағы "Рухани жаңғыру" мемлекеттік бағдарламасының жарнамасы. Алматы, 9 ақпан 2018 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы бойындағы музейдің алдындағы "Рухани жаңғыру" мемлекеттік бағдарламасының жарнамасы. Алматы, 9 ақпан 2018 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев былтыр ұсынған "Қоғамдық сананы жаңғырту" мемлекеттік бағдарламасының бұлыңғырлығы оған сан қилы шараларды "тықпалауға" мүмкіндік береді. Қарапайым мектеп-интернатта кеш өткізу, қияндағы амбулаторияны жөндеу, әліпбиді латын графикасына көшіру және тіпті қазақстандық дизайнерлердің өз коллекцияларымен Париж бен Мәскеуге баруы тәрізді шаралар "жаңғыруға" балануы мүмкін. Мұның бәріне ел бюджетінен ондаған миллиард теңге бөлініп жатыр.

Осыдан он ай бұрын Қазақстан президенті "Рухани жаңғыру" мемлекеттік бағдарламасын жариялаған болатын. Бағдарламаны іске асыруға 2022 жылға дейін бюджеттен 54 миллиард теңге (160 миллион доллардан көп) қарастырылған.

"Рухани жаңғыру" бағдарламасы алты бағыттан тұрады – "Туған жер", Қазақтанның киелі жерлерінің географиясы, қазіргі қазақстандық мәдениет, 100 үздік оқулықты аудару, 100 жаңа тұлға және латын әліпбиіне көшу.

Назарбаевтың мақаласында азаматтардың "санасын жаңғырту" кезінде негізге алынуы тиіс басты принциптер – бәсекеге қабілеттілік, тиімділік, прагматизм және эволюциялық даму деп көрсетілген. Президент мақаласында "Мейлінше көнерге, жаһандық әлеммен қабыспайтын кей дағды, әдеттерден арылу керек" деп жазған.

ТҮСІНДІРУ, ЛОГОТИП, САЙТ

"Жаңғырудың" басталғанын әзірше кемі үш нәрседен байқауға болады. Мемлекеттік мекемелер мен көшелерге дала қыраны бейнеленген "Рухани жаңғыру" логотипін көптеп іліп тастаған, мемлекеттік бағдарламаның ruh.kz ресми сайты іске қосылды және аймақтарда президент мақаласының мақсат, міндеттерін түсіндіретін жобалық кеңселер ашылды.

"Рухани жаңғыру" мемлекеттік бағдарламасының жобалық кеңсесіндегі жарнамалар. Алматы, 9 ақпан 2018 жыл.
"Рухани жаңғыру" мемлекеттік бағдарламасының жобалық кеңсесіндегі жарнамалар. Алматы, 9 ақпан 2018 жыл.

Мысалы, Алматыдағы "Рухани жаңғыру" жобалық кеңсесі тура қаланың ортасында - тұрғын үйдің бірінші қабатындағы кең бөлмеде орналасқан. 10-нан аса кабинеті бар кеңседе жуырда жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа жихазбен жабдықтаған. Қабырғаларда Нұрсұлтан Назарбаевтың сөздері жазылған стендтер, кіре берісте "Туған жерге айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің аса маңызды көрінісі" деген плакат ілінген.

Бағдарлама аясында өткен іс-шаралар тізілген ruh.kz ресми сайтында жарияланған хабарламаларға қарағанда, аймақтарда күнделікті оқиғаларды "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында атқарылған істер ретінде көрсетіп, оны дәстүрлі мағынада түсінгені байқалады.

Мысалы, "Рухани жаңғыру" аясында Қарағандыда зейнеткерлерге арналған екі клуб ашылған, біріншісі - Әуезов атындағы қалалық кітапханада, екіншісі - темір жолшылардың мәдениет үйінде. Астанада "Әр нәрес­теге бір ағаштан" акциясы өтті, Солтүстік Қазақстан облысы әкімі мұражайларға келушілерді тегін кіргізуді ұсынды, Ақмола облысындағы Родинаауылының дәрігерлік амбулаториясында күрделі жөндеу жүргізілді, Маңғыстау облысында сән модельері "Рухани жаңғыру" көйлегін тіккен, Көкшетау аялдамаларында тұрғындар QR-кодтар бойынша қалалық мәдени нысандар туралы ақпарат ала алады, ал Оралда дарынды балаларға арналған Сәкен Сейфуллин атындағы интернат оқушылары домбыра-пати өткізді.

"Рухани жаңғыру" мемлекеттік бағдарламасы жобалық кеңсесінің алдындағы жарнама. Алматы, 9 ақпан 2018 жыл.
"Рухани жаңғыру" мемлекеттік бағдарламасы жобалық кеңсесінің алдындағы жарнама. Алматы, 9 ақпан 2018 жыл.

Осылайша, былтырғы жылдың аяғында аймақтардың бәрінде облыс әкімдері мен жобалық кеңсе басшылары өткізілген немесе жоспарланған шаралар туралы есеп берді. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында биылдан бастап 2022 жылға дейін 20 ірі, 113 шағын жобаға 7,721 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Қостанай облысында билік 38 жобаға 3,6 миллиард теңге жұмсап, 419 шара өткізуге уәде етеді. Қарағанды облысында 430 жобаға 12,3 миллиард теңге бөлінбек, ал Оңтүстік Қазақстан облысы билігі 2017 жылы 3200-ге жуық шара өткіздік деп есеп берді. 2022 жылға дейін облыста 16,2 миллиард теңге бөлу жоспарланған.

Аймақтарда бағдарлама талаптарына сай келетін жобалар мен шараларды іріктеумен шенеуніктерден түзілген сарапшылар кеңесі айналысады.

Бір қызығы, "Рухани жаңғыру" жобалары қатарына тіпті сәнді киім көрсетілімдері де іліккен. Бірнеше қазақтандық дизайнер өз коллекцияларын былтыр күзде Мәскеуге, ал биыл қаңтарда Парижге апарып көрсетіп келді. Қазақтан баспасөзінің жазуынша, дизайнерлер сән үлгілері арқылы "ұлт кодын жеткізуге" тырысқан.

Бағдарламаны орындау барысын президент әкімшілігі жетекшісі Әділбек Жақсыбеков басқаратын ұлттық комиссия қадағалайды. Министрлер, облыс әкімдері, мәжіліс және сенат депутаттары, университет ректорлары, мемлекеттік БАҚ редакторлары мен ҮЕҰ жетекшілері кірген комиссия құрамында 63 адам бар.

ЖАҢҒЫРУДЫ КІМ ҚАЛАЙ ТҮСІНЕДІ

Батыс Қазақстан облысында тұратын публицист әрі ақын Нұрлан Сәдір жаңғырудың тиімділігі халықтың сенімі мен бағдарламаға бөлінген қаржыны қоғамдық бақылауға байланысты деп санайды. Сәдірдің айтуынша, егер бағдарламаны орындау шенеуніктерге ғана жүктелсе, "Рухани жаңғыру" толып жатқан сапасыз бағдарламалардың біріне айналады.

Нұрлан Сәдір
Нұрлан Сәдір

Батыс Қазақстан облысындағы алты тарихи нысанды киелі орындар картасына енгізуді Нұрлан Сәдір жағымды мысал ретінде келтіреді.

- "Рухани жаңғыру" сананы деколонизациялау мен десоветизациялау процесіне септеседі деп үміттенемін. "Ресей империясы мен СССР-дің арқасында адам болдық, ал оған дейін көшпенді жабайы халық едік" деген сарындағы стереотиптен арылтады. Ата-бабаларымыз түрлі өркениет елдермен тең дәрежеде араласқанын ежелгі қала Жайық пен Тақсай қорғанынан табылған «алтын» әйел дәлелдейді, - деп санайды Нұрлан Сәдір.

Ол бағдарламаға белсенді түрде қатысуға шақырады. Нұрлан Сәдірдің сөзінше, ол ұсыныстарын жергілікті билікке жолдаған. Бағдарламаны сынаушыларға Сәдір өзінен үлгі алуға ұсынады.

- 54 миллиард теңгенің дәл қандай мақсаттарға жұмсалатынын білмей тұрып, бұл ақша көп я аз деп бағамдай алмаймын. Әділін айту керек, бірақ өкінішке қарай, оның әлдебір бөлігі талан-таражға түседі. Ақша халыққа жете ме, әлде жоқ па, бұл қоғамға және әрқайсымыздың белсенділігімізге байланысты болмақ, - дейді Нұрлан Сәдір.

Асқар Шайғұмаров
Асқар Шайғұмаров

Елдегі қоғамдық-саяси оқиғаларды талдауға маманданған видеоблогер Асқар Шайғұмаров шенеуніктердің қоғамдық сананы қалай "жаңғыртқысы" келетінін әлі түсінбей жүргенін айтады. Шайғұмаровтың пайымынша, жаңғыру елде демократияның даму деңгейіне байланысты.

- Егер қоғам ел династиялық жолмен дамуы керек деп мойындаса, мұны жаңғыруға баласа, бұл - кері кету, қара түнекке, зұлмат заманға оралу. Адам мен қоғам табиғи жолман дамуы тиіс. Маған мына шаруаны шенеуніктердің өздері күлкі етіп жүргендей көрінеді, бірақ жоғарыдан пәрмен түсті, енді орындауы тиіс. Демек қағаз жүзінде орындайды, - дейді блогер.

"БІРТҰТАС ҰЛТ ТҮЗУ ИЛЛЮЗИЯСЫ"

"Қазақстанның жастарға арналған ақпараттық қызметі" қоғамдық қоры жетекшісі Ирина Медникова билік азаматтардың санасына ықпал етудің мұндай концепциясын жариялау арқылы адамның жеке кеңістігі шекарасынан аттап отыр деп алаңдайды.

Ирина Медникова
Ирина Медникова

- Мына мемлекеттік бағдарлама - жұрттың бәрін бір тудың астына ұйыстыруға тырысып, біртұтас ұлт түзу иллюзиясы, бірақ қоғамымыз біртекті емес қой. Бағдарламада ел басшылығы жар салмай үнсіз шешуі тиіс міндеттер қамтылған, бірақ оларды даурықпа құжатқа айналдыруды жөн санады, - дейді Ирина Медникова.

Медникованың сөзінше, Қазақстанда мемлекеттік бюджетті бөлу, мұндай үлкен бағдарламаларды қаржыландыруға қатысты деректер ашық емес. Бюджет жобасы қоғам талқысына салынбайды. Азаматтық белсенді мұның бәрі коррупция үшін қолайлы орта тудырады, сондықтан бюджет ақшасын қоғамдық бақылау қажет деп санайды.

- Кейде маған олардың мақсатты аудиториясы мына сіз бен біз емес, яғни мүлде халық емес, операторлардың өздері сияқты болып көрінеді. Ал мұндай бағдарламалардың түпкі мақсаты - биліктегі элитаның айналасында "саяси қауіпсіздік белдеуін" құру үшін бағдарламаны орындаушылар армиясын, екінші және үшінші деңгейдегі мемлекеттік менеджерлерді тойындыру, - дейді Ирина Медникова.

"Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту" мақаласы Назарбаевтың авторлығымен былтыр сәуірде жарияланған. Билік елде "саяси реформа мен экономиканы жаңғыртуды" іске асырғаннан кейін "сананы жаңғырту" басталды деп мәлімдейді. Президент әкімшілігі қоғамдық сана саяси және экономикалық реформаларға ілесе "жаңғырып", "түбегейлі өзгерістер өзегіне" айналуы тиіс деп санайды.

Қазақстан президенті "ертеңгі күнге есік ашатын, болашаққа деген сенімді білдіретін" ұлтты ұйыстыру идеясын бес жыл бұрын да ұсынған. Кейінгі кезде әлгі идея туралы мүлде айтылмайтын болды. Қазақстан президентінің ресми сайтында "Мәңгілік ел" деген сөз соңғы рет 2016 жылғы желтоқсанда кездеседі.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG