Үш жыл бұрын қастандықтан қаза тапқан ресейлік оппозиционер Борис Немцовтың атында Вашингтонда алаң ашылды.
Ресей елшілігі алдындағы Висконсин-авенюдегі алаңқайға Немцов есімін беру туралы ұсыныс 2016 жылы жасалып, биыл қаңтарда оны Вашингтон қалалық кеңесі бекіткен.
Алаңның салтанатты ашылу шарасына саясаткердің қызы Жанна Немцова, әріптесі Владимир Кара-Мурза, ұсыныс авторы, республикашыл сенатор Марко Рубио, Хельсинки комиссиясының тең төрағасы сенатор Роджер Уикер және басқа да ресми тұлғалар қатысты.
«Америка даусы» радиосының хабарлауынша, Ресей шенеуніктері АҚШ астанасындағы елшілік маңында Немцовтың атына алаң берілгенін «жақтырмай қалды». Атап айқтанда, Ресей Мемлекеттік думасы халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Леонид Слуцкий биыл қаңтар айында мұндай ұсынысты Ресей билігіне қарсы бағытталған дөрекі әрекет деген.
Мәскеуде 27 ақпанда Мәскеудің орталығындағы Немцов қаза тапқан көпірге халық гүл шоқтарын қойды. Мәскеу мен тағы бірнеше қалада «Открытая Россия» қозғалысының ұйымдастыруымен «Немцовты еске алатын үй» деп аталатын еске алу акциялары болды. Әр адам өз үйіне «Бұл үйде нағыз адам және патриот Борис Немцовті еске алады» деп жазылған естелік тақтайша іліп қойды.
Борис Немцовтың қаза тапқанына үш толғанында АҚШ Ресей билігін саясткердің қазасына қатысы барларды, оның ішінде қылмысқа тапсырыс бергендерді жауапқа тартуға шақырды.