Accessibility links

Белсенділер жануарларды қорғау жайлы заң қабылдауды сұрайды


Inucobo жануарларды қорғау жөніндегі ассоциациясының президенті Лилия Сәрсенова (ортада) жануарлар құқығын қорғау туралы заң жобасының концепциясын әзірлеу жайлы сөйлеп отыр. Астана, 3 наурыз 2018 жыл
Inucobo жануарларды қорғау жөніндегі ассоциациясының президенті Лилия Сәрсенова (ортада) жануарлар құқығын қорғау туралы заң жобасының концепциясын әзірлеу жайлы сөйлеп отыр. Астана, 3 наурыз 2018 жыл

Қазақстанның бірнеше қаласындағы жануарларды қорғау жөніндегі еріктілер ұйымдарының белсенділері бүгін Астанада өткен дөңгелек үстел жиынында "Жануарларға жауаптылықпен қарау туралы" заң жобасының концепциясын әзірлеуге кіріскендері жайлы мәлімдеді. Аталған концепцияда олар жануарларға қатысты ветеринарлық қызмет, кәсіпкерлік іс-әрекеттер және өзге де көптеген мәселелер қалай реттеулі тиіс екенін атап көрсетпекші. Жоба дайын болған соң авторлар оны парламент депутаттарына ұсынбақ.

Белсенділер бұл жобаға былтыр наурызда ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің парламентаралық ассамблеясында қабылданған осыған ұқсас модельдік заңды негіз етіп алатындарын айтады.

- Ауырсынып, азап шегу жануарға да тән. Яғни, ол сөмке немесе шабадан тәрізді жай құқық объектісі ғана емес, сезгіш қасиеті бар тірі жан иесі. Ресейде мұндай тәжірибе бар, олар осындай заңды екінші оқылымда қарап жатыр, - дейді Inucobo жануарларды қорғау жөніндегі ассоциациясының президенті Лилия Сәрсенова.

Оның айтуынша, "қазіргі заңнамада тиіп-қашып болса да [жануарларды қорғау бойынша] тәп-тәуір нормалар бар, бірақ олар өзара байланыспаған". Лилия Сәрсенованың пікірінше, үйіндегі жануарды көшеге тастай салғаны үшін олардың иелеріне айыппұл салуды қолданысқа енгізген жөн. Сонымен бірге ол Қазақстанда әр аймақтағы үй жануарларын ұстаудың өзіндік ережелері болуы тиіс деп санайды. Мәселен, Астанадағы ондай ереже Оралдағыдан өзгеше болуы мүмкін дейді ол.

- Қылмыстық кодексте жануарға қатыгездік танытқаны үшін жауапкершілік жүктелетіні туралы бап бар, бірақ ол тек жануар өлгенде ғана дәлелдеуге болатындай етіп жазылған. Жануардың зақым алғанын, оған сондай пиғылмен қарағанын, ерекше қатыгездік танытқанын басқаша дәлелдеу іс жүзінде мүмкін емес. Әлгіндей бап бар, бірақ оны қолданғаннан гөрі адамды бұзақылық жасағаны, өзге бір іс-қылықтары үшін жауапқа тартқан оңай. Яғни әлгі бап жетілдіруді қажет етеді. Қағазда болғанымен жұмыс істемейді, - дейді Лилия Сәрсенова.

Астанадағы қараусыз қалған жануарларды аулау қызметінде қазіргі кезде 350 ит бар, өткен жылғы маусымнан бері ондай жануарларды өлтірмей, жергілікті әкімдік бөлген аралық базада ұстайтын болған. Сонымен бірге Астанадағы жеке меншік паналату орны мыңнан аса мысық ұстап отыр. Бұл жануарлардың барлығы иелерінің кінәсінен көшеде қараусыз қалған.

XS
SM
MD
LG