Ақтөбе қаласы әкімдігі аумағында биыл 8 қаңтар күні мерт болған35 жастағы "Күзет" қызметкері Байбек Қарымсақовтың өліміне қатысты тергеу әлі аяқталған жоқ. Бұл туралы Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) баспасөз қызметі хабарлайды.
"Қалалық әкімдіктен алынған видеожазбада Байбек Қарымсақовтың бақылау және өткізу пунктіне сағат 17:16-да кіріп, содан қайтып шықпағанын көруге болады. Оның мәйітін сағат 17:24 шамасында әкімдіктің аспазы тауып алған. Осы аралықта бақылау және өткізу пунктіне бөгде ешкім кірмеген" деп хабарлайды ІІД баспасөз қызметі.
Арнайы сараптама Байбек Қарымсақовтың қызметтік қаруынан атылған оқтан қаза болғанын анықтаған. Полицияның мәліметінше, Қарымсақовтың оқиға алдындағы психикалық жағдайын білу үшін сот-психиатриялық сараптамасы тағайындалған.
Биыл 8 қаңтарда Ақтөбенің Ахтанов көшесіндегі қалалық әкімдік ғимаратынан "оқ тиіп, мерт болған" азаматттың мәйіті табылған болатын. Ертесі - 9 қаңтар күні Ақтөбе облыстық арнайы күзет қызметі басқармасы басшысының орынбасары Руслан Маханов "Қарымсақов өзіне қол салғанын" мәлімдеген.