Accessibility links

Қытай АҚШ-қа жауап ретінде баж салығын енгізуі мүмкін


АҚШ президенті Дональд Трамп (сол жақта) пен Қытай президенті Си Цзиньпин. Пекин, 9 қараша 2017 жыл
АҚШ президенті Дональд Трамп (сол жақта) пен Қытай президенті Си Цзиньпин. Пекин, 9 қараша 2017 жыл

АҚШ-тың Қытайға қарсы қабылдаған сауда шараларына жауап ретінде Пекин америкалық кей тауар түрлеріне баж салығын енгізуі мүмкін. Әзірше Қытай билігі АҚШ-ты екі ел арасындағы сауда-саттыққа қатысты келспеушілікті келіссөздер арқылы шешуді ұсынып отыр.

Жұма күні Қытай сауда министрлігі ел басшылығы АҚШ-тан әкелінетін шошқа етіне 25 пайыз, ал америкалық жеміс-жидек, шарап және болат құбырларға 15 пайыз көлемінде баж салығын енгізуді жоспарлап отырғаны туралы хабарлаған. Бұл шаралар Қытай бюджетіне жалпы сомасы 3 миллиард доллар түсім әкелуі тиіс.

Бейсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан келетін кей тауар түрлеріне баж салығы мен шектеулер енгізетін құжатқа қол қойған. Баж салығы салынатын қытай тауарлары тізімі екі аптадан кейін дайын болмақ. Трамп сонымен бірге Қытайдың АҚШ-қа құятын инвестициясын шектеуге де бағытталған шараларды әзірлеуді тапсырған. Ақ үй басшысының сөзінше, жаңадан енгізілетін баж алымдары Қытайға 50 миллиард долларға жуық шығын әкелмек.

Қытаймен арадағы сауда жанжалы туралы хабар АҚШ биржасына кері әсер етті. Биржадағы жетекші индекстердің барлығы бейсенбіде 3 пайызға жуық төмендеген.

Бұған дейін, наурыздың 9-ы күні президент Трамп АҚШ-қа сырттан әкелінетін болат пен аллюминийге баж салығын енгізу туралы жарлыққа қол қойған. Еуропа Одағы бұған жауап ретінде тиісті шаралар қабылдауға уәде еткен соң АҚШ Брюссель мен тағы бірнеше елді жаңа баж салығы салынатындар қатарынан уақытша шығарған.

XS
SM
MD
LG