Accessibility links

Астана Вашингтон сотының Стати арызы бойынша шешіміне шағымданбақ


Қазақстан әділет министрлігінің ғимараты, Астана.
Қазақстан әділет министрлігінің ғимараты, Астана.

Қазақстан әділет министрлігі Вашингтон Округтік сотының молдовалық бизнесмен Анатол Статидің Стокгольмдегі арбитраж сотының шешімін мәжбүрлеп орындату жөніндегі арызын бойынша шығарған шешіміне шағымданатынын мәлімдеді.

Әділет министрлігінің 27 наурыз күні таратқан хабарламасы бойынша, Вашингтон Округтік соты Статидің арызына қатысты шешімді 23 наурыз күні шығарған.

Ресми Астана Стокгольм арбитраж сотының Статиге қатысты шешімі алаяқтықпен шығарылған және сондықтан ол шешімді АҚШ аумағында мойындауға болмайды деп біледі.

"Қазақстан округтік сот шешімін құрметтейді. Бірақ оның Қазақстанға шетелдік арбитраж соттарының шешімін мойындау және оны орындау туралы Нью-Йорк конвенциясы бойынша өзін қорғайтын аргументтерді келтіру өтінішін орындаудан бас тартқанына және арбитарж сотының шешімін мойындауына қатысты келіспейд" делінген министрлік хабарламасында.

Министрлік бұған дейін Ұлыбритания Жоғарғы соты Қазақстан өз аргументтерін келтірген соң Статидің алаяқтығын дәлелдейтін сенімді айғақтар жеткілікті екенін мойындағанын және ол мәселе бойынша жеке сот өндірісін тағайындағанын айтады.

Округтік сот Қазақстан үкіметіне алаяқтық туралы бұл уәжді өзін қорғауда ұсынуына рұқсат бермеген.

Былтыр желтоқсанда New York Mellon банкі молдовалық бизнесмен Анатол Статидің Қазақстан үкіметіне қарсы арызы бойынша Қазақстан Ұлттық қорының 22 миллиард доллар қаржысын бұғаттағаны жария болған.

Қаңтар айында Қазақстан билігі Нидерлад соты Қазақстан Ұлттық банкінің "Ұлттық қордың New York Mellon банкіне кастодиалды сақтауға салынған активін бұғаттан босату туралы" талап-арызын қанағаттандырғанын хабарлаған.

Оқи отырыңыз: Бұғатталған 22 млрд доллардың салдары қандай болмақ?

Қазақстанның мұнай-газ саласына инвестиция салған Стати мемлекеттік органдар өзін "инвестициясын тым арзанға сатуға мәжбүрлеу үшін қыспаққа алғанын" айтады. Астана бұл айыптауды терістеп, Статиді "алаяқтық жасады" деп айыптайды. Әділет министрлігінің хабрламасында Қазақстанның бұған дейін Статиге қарсы арыз түсіргені айтылады.

XS
SM
MD
LG