Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы Сингапур саммиті қортындысында Дональд Трамп пен Ким Чен Ын қол қойған құжатта Солтүстік Кореядағы адам құқықтары мәселесі жөнінде ештеңе айтылмағанын мәлімдеді.
"Сингапур саммитіндегі Ким Чен Ын мен Дональд Трамп қол қойған декларацияда адам құқықтары мәселесі мүлдем елеусіз үнсіз қалған ", – деп жазды HRW директорының Азия жөніндегі орынбасары Фил Робертсон.
"Солтүстік Кореядағы адам құқығы мәселесі саммит сыртында қалғаны ашуландырады. Кейін Солтүстік Корея мен мемлекеттік хатшы Помпей арасында адам құқығы қалай талқыланбақ? АҚШ Солтүстік Кореяға адамзатқа қарсы қылмыс жасай беруге ерік берді ме?", – дейді Робертсон.
12 маусымда АҚШ және Солтүстік Корея басшылары саммит қорытындысы бойынша құжатқа қол қойды. Құжатта президент Трамп пен Ким Чен Ынның "АҚШ пен Солтүстік Корея арасында жаңа қарым-қатынас құру және Корей түбегінде шынайы әрі ұзақ мерзімді бейбітшілік орнату мәселелері бойынша жан-жақты, терең әрі шынайы пікір алмасқаны" айтылады.
"Президент Трамп Солтүстік Кореяның қауіпсіздігіне кепілдік беруге міндеттеме алды, төраға Ким Чен Ын Корей түбегін ядролық қарудан толық арылту ұстанымынан таймайтынын растады" делінген құжатта.
"Америка дауысы" тілшісінің Солтүстік Кореядағы адам құқықтары мәселелері жөніндегі сұрағына жауап берген Трамп "Біз бүгін, кеше, екі апта бұрын не болғанына назар аударуымыз керек – міне, ең маңызды нәрсе сол кезде басталған" деп жауап берді. Бірақ АҚШ президенті кейін Fox News телеканалына Солтүстік Кореядағы адам құқықтары мәселелерінде оң өзгерістер болады деп үміттенетінін жеткізген.
ПІКІРЛЕР