Ауғанстандағы "Талибан" қозғалысының өкілдері үкімет ұсынған атысты доғару режимін ұзартудан бас тартты. Бұл туралы "Талибан" өкілі Забиулла Муджахидке сілтеме жасап AFP агенттігі хабарлады.
Муджахидтің мәлімдеуінше, атысты доғару режимі жексенбінің кешінде аяқталған соң қарулы операциялар қайта жалғаспақ. "Атысты доғару режимін ұзарту ниетіміз жоқ" деп мәлімдеген ол.
Маусымның 7-і күні Ауғанстан президенті Ашраф Ғани Рамазан айының аяқталуы мен Ораза айт мейрамына байланысты "Талибан" қозғалысымен атысты доғару туралы біржақты бітім енгізетіні туралы жариялаған. "Талибан" қозғалысы жұмадан бастап үш күндік бітім орнатуға келіскен. Сенбі күні Ғани атысты доғару режимі ұзартылатыны туралы мәлімдеген.
Жексенбі күні Ауғанстанның шығысындағы Нангархар уәлаяты губернаторының кеңсесі маңында терактіден кемінде 10 адам қаза тапқан. Аймақ губернаторының өкілі Атауллах Ходжанидің Азаттыққа хабарлауынша, шабуыл Нангархар уәлаятының әкімшілік орталығы Жалалабад қаласында жасалған. Бұдан бір күн бұрын Нангархар қаласында жасалған террорлық шабуылдан құрбан болғандар саны 36 адамға жеткен. Бұл туралы осы аймақтың денсаулық сақтау бөлімінің жетекшісі хабарлаған. Бұл шабуылға жауапкершілікті "Ислам мемлекеті" экстремистік тобы өзіне алған.
ПІКІРЛЕР