АҚШ Сирия президенті Башар Асадтың әскері елдің оңтүстік-батысындағы бітімді бұзғаны үшін жауапкершілікті Ресейге артты.
АҚШ-тың БҰҰ-дағы ресми өкілі Никки Хейли жұма күні Ресейді Дамаскіге ықпал етіп, осыдан бірнеше күн бұрын Сирияның Дераа провинциясында көтерілісшілерге қарсы бастаған шабуылды тоқтатуға көндіруге шақырды.
"Түптеп келгенде Сириядағы жанжалдың одан ары шиеленісуіне жауапкершілік Ресейге жүктелетін болады", - деп мәлімдеген ол.
Ресей мен АҚШ өткен жылы күзде Сирияда төрт "қауіпсіздік аймағын" құру туралы келіскен. Елдің оңтүстік-батысындағы территория – солардың бірі. Асад әскері АҚШ-тың қарсы шаралар қолдануы мүмкін екені жайлы жасаған ескертуіне қарамастан шабуылды бастаған.
Сирияның әскери күштері көтерілісшілер позицияларына соққы беру барысында кассеталық бомбалар қолданып жатқаны туралы хабарланды. Соғыс салдарынан соңғы күндері мыңдаған адам баспаналарын тастап кетуге мәжбүр болған.
Бұған дейін Сирия әскерилері елдің бірқатар аймағынан, соның ішінде Шығыс Ғута мен Хомс провинциясындағы екі "қауіпсіздік аймағынан" көтерілісшілерді ығыстырып шығарған.
ПІКІРЛЕР