Астанада сенбі күні көшеден полиция ұстап әкеткен қала тұрғыны Айжан Әлімжановаға "билік өкілінің заңды талабына бағынбағаны" үшін сот 20 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 142 доллар) көлемінде айыппұл салған. Бұл туралы Азаттыққа хабарлаған Айжан Әлімжанова өзіне қарсы полицияның толтырған хаттамасымен келіспейтінін айтады.
- Кеше сағат 15:30 шамасында ЦУМ аялдамасында автобустан түскен сәтте мені қарапайым киім киген екі ер адам қызмет көлігі екенін білдіретін еш белгісі жоқ автомобильге күштеп салып, полицияға апарды. Не үшін ұстағандарын түсіндірмеді, құжаттарын да дұрыстап көрсетпеді, - дейді ол.
Әлімжанованың сөзінше, полицияда оған "сот шешімімен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қатысты іс бойынша жеткізілгенін айтқан.
- Маған куәгер ретінде шақырттық деді, мен сот шешімін немесе іс материалдарын көрсетуді талап еттім, бірақ олар көрсетпеді. Полицияда мені бес сағаттан артық ұстады, маған күш қолданған кезде зардап шеккенімді айтқан шағымдарыма құлақ аспады. Үстімнен хаттама толтырды, мен онымен келіспейтінімді жаздым. Сағат кешкі 10 кезінде ісімді қараған әкімшілік сот маған айыппұл салды, - деді Айжан Әлімжанова.
Өз айтуынша, Айжан Әлімжанова бұған дейін "саяси тұтқындарды босату" және "азаптауды доғару" талаптарымен Астанада рұқсат етілмеген наразылық акциясы өткен мамырдың 10-ы күні де өзге ондаған адамдармен бірге ұсталған. Ол жолы "жиын өткізу тәртібін бұзғаны" үшін сот оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салған. Апелляциялық шағымнан соң айыппұл мөлшері 30 пайызға төмендетілген. Әлімжанова кәмелетке толмаған баласы бар, жұмыс істемейтін жалғызбасты ана ретінде ондай айыппұлды төлеуге шамасы жоғын айтады. Ол маусымның 23-і күні өзін көшеден ұстап әкеткен полиция қызметкерлерінің ісіне қарсы шағым түсірмекші.
Астана ішкі істер департаментінен Айжан Әлімжанованың шағымына қатысты түсініктеме алу мүмкін болмады.
Сенбі күні Астана, Алматы мен Шымкентте полиция көшеге шыққан ондаған адамды ұстады. Ешқандай талап қоймай, қолында плакат я басқадай заттар болмаған ондаған адамды полиция осыған дейін Астананың Есіл аудандық соты тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы маусымның 23-і күні "елде білім беру тегін болсын" деген талаппен митингілер өтеді деп жариялаған жерлерде ұстап, көлікке күштеп салып алып кетті.
Оқи отырыңыз: Көшеге шыққандарды полиция ұстады
Осы аптада Қазақстанның бірнеше қаласында полиция жергілікті белсенділерді жаппай шақырып, рұқсат берілмеген акцияларға қатысқаны үшін әкімшілік жауапкершілік жүктелетіні туралы прокуратура ескертуін таратқан болатын.
ПІКІРЛЕР