Шымкентте бүгін түнде айып тұрағында шыққан өрт салдарынан ондаған автокөлік жанып кеткен. Бұл туралы Қазақстан ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап жергілікті агенттіктер хабарлады.
"Өрт салдарынан айыппұл салынған 10 автокөлік пен жарамсыз деп танылып, жойылады деп қойылған 35 машина жанып кетті" деп хабарлайды Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің баспасөз қызметі.
Мамандардың болжамынша, өртке айып тұрағындағы "КАМАЗ" маркалы жүк көлігінің тұтануы себеп болған. Кейін тұрақтағы жеңіл автокөліктер мен сол жерге жақын орналасқан екі қабатты жихаз цехының шатыры жанған. Өрттің жалпы аумағы 294 шаршы метрді құраған.
Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің мәліметінше, түнгі сағат бірден кете шыққан өрт екі сағатқа жуық уақыттан кейін толық сөндірілген.
Айып тұрағындағы өрттен адамдар зардап шекпеген.
ПІКІРЛЕР