Түркістан облысында болған төбелес кезінде атыс қаруынан бір адам қаза тауып, екеуі зардап шеккен. Бұл туралы Азаттыққа бүгін Түркістан облыстық ішкі істер департаменті хабарлады.
Полицияның мәліметі бойынша, қылмыс оқиғасы қыркүйектің 7-і күні Шардара ауданындағы ауылдардың бірінің маңындағы далада болған.
Ішкі істер департаментінің болжамы бойынша, жергілікті шаруалар өзара шекісіп қалып, оның соңы төбелеске ұласқан. Төбелес кезінде атыс қаруы қолданылған. Полиция қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен екі адамды ұстаған. Олардың бірінен аңшы мылтығы алынған.
Құқық органдары бұл оқиғаға байланысты "Адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдары басталған. Полиция бұл іске қатысты өзге мәліметтер келтірмеген.
ПІКІРЛЕР