Нью-Йорк округтік сотының федералдық судьясы Tesla компаниясының бас директоры Илон Маск пен АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржа жөніндегі комиссиясы арасында қыркүйекте жасалған бітімді мақұлдады.
Келісім шарты бойынша, Илон Маск 45 күн ішінде Tesla компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы қызметінен кетеді. Ол бұл қызметті үш жыл бойы атқара алмайды. Бизнесмен бас директор қызметінде қала береді. Ол Tesla компаниясының рұқсатынсыз компания атынан маңызды мәлімдеме жасай алмайды.
Сонымен қатар, Маск пен Tesla компаниясы Бағалы қағаздар және биржа жөніндегі комиссияға әрқайсысы 20 миллион доллардан айыппұл төлейді. Айыппұл салуға Масктың 7 тамызда Twitter-де Tesla акцияларын заемге алған ақшаның есебінен 420 доллардан сатып алатыны туралы жазған хабарламасы себеп болған.
Бағалы қағаздар жөніндегі комиссия Маск акцияны сатып алу шарттарын акционерлермен келіспестен, оларға жалған ақпарат берді деп, тергеу бастаған. Бұдан соң Маск Tesla жария компания болып қала беретінін мәлімдеген, бірақ оған қатысты іс жабылмаған.
АҚШ заңдары биржаға шыққан компания басшыларына ақпараты жеткілікті болмаса, бағалы қағаздарды сату немесе сатып алу жоспары туралы жариялауға тыйым салады. Бағалы қағаздар жөніндегі комиссия мұндай хабарламалар акция құнына жасанды жолмен ықпал етеді деп санайды. Илон Масктің өзі комиссияның айыбын "әділетсіз" деп атаған.
ПІКІРЛЕР