АҚШ шекарадан заңсыз өткен адамдарға босқын мәртебесін беруден бас тартады. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Оның сөзінше, заң бұзған мигранттар АҚШ-тан пана таба алмайды.
Трамп сонымен бірге алдағы аптада Ақ үй әкімшілігі АҚШ-та миграцияны реттеу жоспарын ұсынатынын айтты.
Бірер күн бұрын Трамп Америкада туған кез келген адамға осы елдің азаматтығы беріледі деген АҚШ конституциясына бекітілген заңды алып тастау ниеті барын мәлімдеген. Бұдан бөлек, президент Латын Америкасы елдеріне берілетін көмекті де тоқтататынын ескерткен.
Бұған дейін Мексика үкіметі қоныс аударып келгендерді жұмысқа орналастыру және оларға баспана беру жөнінде арнайы бағдарлама жариялаған. АҚШ билігі де босқын мәртебесі аса мұқтаж адамдарға берілетінін мәлімдеген. Осыған байланысты Латын Америкасының Мексикамен көршілес елдерінен мигранттар жаппай келіп жатыр. Бірақ Мексика да, АҚШ та барлық босқынды бірдей кіргізе алмайтынын ескерткен. АҚШ мигранттарды елге заңсыз кіргізбеу үшін шекарада күзетті күшейтіп жатыр.
ПІКІРЛЕР