Accessibility links

Меркель Путиннен украин теңізшілерін босатуын сұраған


Германия канцлері Ангела Меркель (оң жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. 18 тамыз 2018 жыл.
Германия канцлері Ангела Меркель (оң жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. 18 тамыз 2018 жыл.

Германия канцлері Ангела Меркель Буэнос-Айресте "Үлкен жиырмалық" елдері лидерлерінің саммиті аясында Ресей президенті Владимир Путинмен жеке кездескен. Канцлердің өкілі Стефан Зайберттің журналистерге хабарлауынша, екі лидер Сириядағы жанжалды, Ресей мен Украина қарым-қатынасындағы шиеленісті талқылаған.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың хабарлауынша, Меркель Путинді Ресей ұстаған украиналық теңізшілерді босатуды сұраған, бірақ, Путин бұл мәселені сот шешетінін айтып, Меркельге Керчь бұғазында болған оқиғаның егжей-тегжейін баяндаған. Песковтың сөзінше, Киев пен Мәскеу арасындағы қазіргі дағдарысты шешу жолын іздестіру үшін батыс елдерінің арағайын болуы туралы мәселе талқыланбаған.

Сонымен бірге Песков Путиннің АҚШ президенті Дональд Трамппен қысқаша сөйлескенін ғана айтып, егжей-тегжейін келтірмеді.

Осының алдында Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Путиннің "Үлкен жиырмалық" саммитінде АҚШ президентімен тыңғылықты әңгімелесу мүмкіндігі пайдаланылмай қалғанына "қынжылыс" білдіргені туралы айтқан.

Бұған дейін желтоқсанның 1-і күні Путин Трамппен G20 саммиті аясында кездеседі деп жоспарланған. Бірақ Трамп Ресейдің украиналық кемелерді ұстағаны үшін Путинмен кездесуден бас тартқаны туралы мәлімдеген.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG