Accessibility links

БАҚ: британ тергеушілері екі кісінің қазасына Ресейден күдіктенеді


Британ полициясының көлігі. (Көрнекі сурет.)
Британ полициясының көлігі. (Көрнекі сурет.)

Ұлыбританияның Солсбери қаласында биыл көктемде уланып қалған ресейлік әскери барлаудың бұрынғы агенті Сергей Скрипаль мен қызы Юлияның ісімен айналысып жатқан британ тергеушілері Англиядағы екі адамның қазасына Ресей билігінің қатысы болуы мүмкін деп күдіктенеді деп жазады The Times басылымы.

Скотланд-Ярдтың мәліметі бойынша, бизнесмендер Александр Перепеличный мен Скотт Янг қазаға ұшырауы ресейлік барлаушылардың Біріккен корольдікке сапарымен тұспа-тұс келген.

2012 жылы қайтыс болған Перепеличныйдың асқазанынан улы өсімдіктің белгілері табылған. Янг 2014 жылы Лондондағы пәтерінің терезесінен құлап мерт болған.

Басылымның дерегінше, куәгерлерден жауап алып болғаннан кейін бұл екі адамның өлімі "күдікті қаза" санатына жатқызылады.


Ұлыбританиядан саяси баспана алған 44 жастағы Александр Перепиличный Лондонда таңертеңгілік жүгіріп келгеннен кейін қайтыс болған. Әуелгі сот-медициналық сараптама қорытындысында Перепеличныйдың қазасына жүрегіндегі кінәрат себеп болғаны айтылған. Кейін жарияланған токсикологиялық сараптама қорытындысы бойынша, марқұмның ағзасында өсімдікте кездесетін удың сирек түрінің іздері байқалған. Перепеличный күмәнді қаржыны заңдастыру ісі бойынша Швейцария прокуратурасына көмектескен. Бұл іспен Hermitage Capital қорының заңгері Сергей Магнитский де айналысқан.

Скотт Янгтің қазасы осы күнге дейін күдік тудырмай келген. BuzzFeed сайтының дерегінше, ол ресейлік бұрынғы олигарх Борис Березовскийдің бизнес әріптесі болған.

Ұлыбритания билігі ресейлік арнайы қызметті әкелі-балалы Скрипальдерге қастандық жасады деп айыптап, Мәскеуге қарсы кешенді шаралар қабылдайтыны туралы мәлімдеген.

Ресей билігі өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG