Accessibility links

СІМ: Қырғызстанмен шекарадағы оқиғаны тексеріп жатырмыз


Қырғызстан шекарашылары (Көрнекі сурет).
Қырғызстан шекарашылары (Көрнекі сурет).

Қазақстан дипломаттары Қырғызстаннан қырғыз-қазақ шекарасында Қазақстан азаматы қаза тапқан оқиғаның мән-жайы туралы ақпарат сұрады. Бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрлігінің (СІМ) баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады. Смадияров Қазақстан мен Қырғызстанның шекара және консулдық қызметтері "тиісті іс-шаралар" жүргізіп жатқанын да айтты.

23 қаңтарда Қырғызстанның Талас облысындағы Қазақстанмен шекарада қырғыз шекарашылары "Қазақстанға заңсыз жылқы айдап өтпек болған" белгісіз үш адамға оқ атқаны хабарланған. Қырғызстан шекара қызметінің мәліметінше, "шекарадан заңсыз өтпек болған белгісіз адамдар өздеріне күш көрсетпек болған соң" шекарашылар оқ атып, біреуін жаралаған. Екі адам жылқыларымен бірге Қазақстан шекарасынан өтіп кеткен. Жаралы адам қырғыз шекарашылары ауруханаға алып бара жатқанда қайтыс болған.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің хабарлауынша, қайтыс болған адам - Жамбыл облысының тұрғыны, 1974 жылы туған. Ресми мәлімет бойынша, қайтыс болған азамат бұрын "заңсыз қасақана мемлекеттік шекараны бұзды" деген айыппен сотталған. Шекара қызметі кеше шекарадан өтіп кетті деген екі күдіктіні іздеп жатқанын хабарлаған.

"Оқиғаның мән-жайы белгілі болған соң біздің елшілік қайтыс болған азаматтың құжатын рәсімдеп, мәйітін елге жеткізу жұмыстарын істейді" деді Айбек Смадияров.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG