Accessibility links

Францияда ондаған мың адам антисемитизмге қарсы митингіге шықты


Антисемитизмге қарсы митингіге шыққандар. Франция, 19 ақпан 2019 жыл.
Антисемитизмге қарсы митингіге шыққандар. Франция, 19 ақпан 2019 жыл.

Францияда 20 мыңға жуық адам антисемитизмге қарсы митингіге шықты. Мұндай акция өткізуді елдегі социалистік, республикалық және президенттік "Алға, Республика" партиялары ұсынған.

Шеруге шыққандар "Жеккөрініш пен антисемитизмге жол жоқ!", "Зорлық тоқтасын!" деген жазуы бар плакаттар ұстап жүрді. Париждегі митингіге елдің премьер-министр мен қала мэрі, елдің бұрынғы президенттері келді.

Басылымдарға сұхбат берген Францияның бұрынғы президенті Франсуа Олланд "Антисемитизм – республикамызға жасалған шабуыл. Мұндай қауіпке бетпе-бет келгенде біздің институттар негізгі құндылықтарымызды қорғап қалуы керек. Саяси көзқарастарымызға, қызметімізге қарамастан, жиілеп кеткен антисемитизмге қарсы екенімізді білдіруіміз керек" деді.

19 ақпанда Францияның Эльзас өңіріндегі еврейлер моласында тоқсанға тарта қабірге әлдекімдер свастика белгісін салып, антисемистік ұрандар жазып бүлдірген.

Эльзастағы еврейлер моласына салынған свастика белгілері. Франция, 19 ақпан 2019 жыл.
Эльзастағы еврейлер моласына салынған свастика белгілері. Франция, 19 ақпан 2019 жыл.

​Бұл жағдайдан соң Макрон "мұндайға жол берген біздің қатеміз. Алда нақты шара қабылдаймыз" деген.

Басылымдардың жазуынша, былтыр Францияда 541 антисемистік шабуыл тіркелген. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 74 пайызға көп. Қазір Францияда жарты миллионнан аса еврей тұрады. Олар – халықтың бір пайызы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG