Accessibility links

Алжирде биліктен кеткен Бутефликаның бірнеше жақтасы қамауға алынды


Алжирдегі наразылық.
Алжирдегі наразылық.

Алжирде елді жиырма жылдай билеп, жаппай ереуілден соң бірер апта бұрын биліктен кеткен елдің экс-президенті Әбделәзиз Бутефликаның бірнеше жақтасы - ірі бес кәсіпкер қамауға алынды.

Мемлекеттік телеарнаның хабарлауынша, ұсталғандар арасында Алжирдің ең бай адамы аталатын Иссад Ребраб та бар. Қамауға алынған өзге төрт азамат - Кунинеф әулетінен шыққан бауырлар.

Өткен аптада Алжир әскері бас штабының басшысы, Бутефликаның биліктен кетуіне ықпал еткен генерал-лейтенант Гаид Салах Алжирдің бірнеше бай адамының үстінен жемқорлық бабымен іс қозғалатынын айтқан. Елдің бұрынғы премьері мен қаржы министріне ендігі айып тағылған.

82 жастағы Бутефлика жаппай ереуілден соң алдымен бесінше мәрте президент сайлауына түсу райынан қайтып, артынша әскерилер қысымынан соң биліктен кеткен. Алайда елде толқу әлі басылған жоқ. Наразылар билік басындағы шенеуніктердің тұтас кетуін талап етіп жатыр. Алжирдегі президент сайлауы 4 шілдеге жоспарланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG