1 мамырда Қарағандыда бірнеше адам облыстық әкімдік маңындағы алаңға барып, ел астанасының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуге қарсы екендерін мәлімдеген. Жиналғандар "Бәріміздің таңдауымыз бар", "Өмір бойы қорқып, бұғамыз ба, әлде сөзімізді айтып шығамыз ба?", "Қорықпаңыз, сізді Жаңаөзен мұнайшылары сияқты атпайды, өлтірмейді" деп айқайлап, "Шал, кет!" деп ұрандатқан. Акцияға шыққандардың аты-жөндері әзірге белгісіз.
Оқиға куәгерлері бірнеше минуттан соң алаңға полиция қызметкерлері келіп, бір азаматты ұстағанын айтады. Полиция өзін әкетуге қарсылық білдірген азаматтың қолын қайырып, күштеп көлікке отырғызған. Кейінірек акцияға шыққан өзге азаматтарды да ұстаған. "Не үшін азаматтарды ұстадыңыздар?" деген сұраққа полиция қызметкерлері жауап бермеген.
Азаттық тілшісі Қарағанды облыстық полиция департаментіне хабарласып, қанша адамның ұсталғанын білуге тырысты. Полиция баспасөз қызметінің жетекшісі Жанатай Сембеков кейінірек ақпарат беруге уәде етті. Полиция өкілдері ұсталғандармен "жұмыс жүріп жатқанын" хабарлаумен шектелді.
"Біздің таңдауымыз бар" деген ұран Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында 1 мамырда болған наразылық шаралары кезінде де айтылды. Мұндай жазу 21 сәуірде Алматыда марафон кезінде белсенділер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбеков ілген плакатта болған. Сот сол үшін екі белсендіні 15 тәулікке қамаған.
1 мамырда Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында жүзден астам адам наразылыққа шығып, маусым айында өтетін кезектен тыс президент сайлауына бойкот жариялауға шақырды. Екі қалада полиция арнайы жасағы ондаған адамды ұстап әкетті. Азаттық оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратты.
Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Назарбаев биыл наурыздың 19-ы күні кенеттен президенттіктен кетіп, орнына сол күнге дейін парламент сенаты төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырды. Ал сенат төрағасы болып Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сайланған.
Наурыздың 20-сы күні Қазақстан президенті қызметін атқаруға кіріскен Тоқаев мемлекет астанасының атауын Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан деп өзгертуді ұсынған. Бірнеше күннен кейін Астананың атауы ресми түрде Нұр-Сұлтан қаласы болып өзгертілді.
Сәуірдің 9-ы күні президент Тоқаев биылғы маусымның 9-ында Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялады. Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясы Тоқаевты ерте сайлауға ұйым атынан үміткер ретінде ұсынған.
Қазақстандық кей оппозициялық ұйымдар кезектен тыс сайлауға бойкот жариялауға шақырған.
ПІКІРЛЕР