14 мамырда Ақтөбе қалалық соты жергілікті "Ақтөбе таймс" газетінің тілшісі Татьяна Токарьдің үстінен шағымданған экс-шенеуніктің талап-арызын қанағаттандырмады. Арызданушы журналистен 1 миллион теңге моральдық шығын талап еткен.
Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің аймақтық инспекция басшысының орынбасары болған Ерлан Орынбаевтың журналист үстінен сотқа шағым түсіруіне "Ақтөбе Таймс" газетінде 2019 жылғы 21 ақпанда жарияланған мақала себеп болған. Даулы мақала қарамағындағы қызметкері Ерлан Орынбаевты "маған қол жұмсады" деп айыптағаннан кейінгі сот процесінен жазылған. Газетте экс-шенеуніктің сот залында сыртынан түсірілген суреті де жарияланған.
Ерлан Орынбаев "журналист суретімді заңсыз пайдаланған" деп санайды. Ол "Журналист Татьяна Токарьдің мақаласы абыройыма нұқсан келтірді" деп басылымнан моральдық шығын ретінде 1 миллион теңге талап еткен.
Азаматтық іс қаралған алғашқы сот отырысында Орынбаев пен оның қорғаушысы Азаттық тілшісіне сұхбат беруден бас тартқан еді. Судья Назгүл Қанапия өз шешімін жария еткен 14 мамыр күні Ерлан Орынбаев сотқа келген жоқ.
- Таратылған ақпараттағы адамның бет-бейнесі оның қызметімен немесе жария қызметімен байланысты болса, журналистің бейнені пайдалану үшін рұқсат сұрауы міндетті емес. "Ақтөбе таймс" газетіндегі мақала Ерлан Орынбаевқа қатысты ашық сот процесінен жазылған. Мақалада Ерлан Орынбаевтың қызметімен байланысты мәліметтер қамтылғандықтан, сот оның талап-арызын қанағаттандырмау туралы шешім қабылдады, - деді судья Қанапия.
Татьяна Токарьдің сөзіне қарағанда, ол журналистік қызметі үшін алғаш рет сотқа тартылып тұрған жоқ. Журналист әрбір сот процесінің "уақыт алып қана қоймай, жүйкеге де жүк түсіртетінін" айтады.
- 16 мамыр күні Ақтөбе қалалық сотында менің үстімнен қозғалған тағы бір істің жарыссөзі өтуі тиіс. Бұл да менің журналистік қызметіммен байланысты қылмыстық іс. Яғни, мақаламның кейіпкері болған азамат "Татьяна Токарь мені қорлады, жала жапты" деп сотқа шағымданған. Журналистер күн сайын пышақтың жүзінде жүреді. Осының бәрі – соның айғағы, - дейді Татьяна Токарь.
ПІКІРЛЕР