9 маусымда Алматыда Оқушылар сарайындағы № 377 сайлау бөлімшесінде белгісіз адам «Ұлт тағдыры» қозғалысының бақылаушысы Бақытжан Абдрашитовқа шабуыл жасады. Бұл туралы Азаттыққа құқық қорғаушы, адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро координаторы Ерлан Қалиев хабарлады.
Шабуылға ұшыраған бақылаушы Абдрашитовтің айтуынша, ол бақылаушылар тобы мен сайлау бөлімшесінің қызметкері арасындағы дауды камераға түсіріп тұрғанда белгісіз біреу шабуыл жасаған.
Абрашитовтің айтуынша, сайлау бөлімшесінде жүрген кезекші полиция шабуылдаған адамға ешқандай шара қолданбаған.
«Ұлт тағдыры» қозғалысының бақылаушысы сайлау учаскесіне бір уақытта бірнеше адам келіп, аты-жөндерін емес, реттік сан айта бастаған. Осыдан кейін бақылаушылар мен сайлау учаскесі қызметкерлері арасында дау шыққан.
9 маусымда Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр. Осы күні Алматыда жүздеген адам наразылыққа шығып, сайлауға қарсылық танытты. Кем дегенде жүз адамды полиция ұстап әкетті.
Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мәліметінше, ел аумағында 9 970 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Қазақстаннан тыс жерде 51 елде 65 сайлау учаскесі ашылған.
ОСК дерегінше, Қазақстанда дауыс беруге құқығына ие 12 миллионға жуық сайлаушы бар.
Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл 19 наурызда президенттік өкілетін тоқтататынын кенеттен мәлімдеп, сол кезге дейін сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына уақытша президент етіп қалдырған. Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сенат төрағасы болып сайланған. 9 сәуірде Тоқаев Қазақстанда биыл 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.
ПІКІРЛЕР