Accessibility links

Алматылық бақылаушылар Тоқаевты "заңсыз президент" деп тануды талап етті


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ант беріп тұр. Нұр-Сұлтан, 12 маусым 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ант беріп тұр. Нұр-Сұлтан, 12 маусым 2019 жыл.

Таяуда өткен президент сайлауында "Сотталғандар құқығын қорғау жөніндегі коалициясы" республикалық қоғамдық бірлестігі атынан бақылаушы болған бір топ белсенді сайлау кезінде дауыс беру нәтижесі бұрмаланғанына, бақылаушыларға кедергі жасалғанына, сайлау заңының бұзылғанына "дәлелдері барын" айтты. 14 маусымда Алматыда өткен баспасөз жиыны кезінде бақылаушылар "сайлау учаскелерінен жиналған хаттамалар мен қалалық сайлау комиссиясы бекіткен хаттамадағы көрсеткіштерде айырмашылық бар" деді.

Бақылаушы Тимур Почанов "сайлау туралы заң бұзылғандықтан Тоқаевты заңсыз президент деп тануды" талап етті.

- Бас прокуратураны сайлауды бұрмалау бабымен іс қозғауға, дауысымызды ұрлағандарға сабақ болуы үшін кінәлілерді төрт жылға соттауды талап етемін. Өздерін масқара қылған екі кандидат – Тоқаев пен Қосанов қатыспайтын тағы бір президент сайлауы өтуі тиіс, - деді бақылаушы болған Почанов.

Почановтың сөзінше, 208 учаскеде бақылаушы болғандардан жиналған хаттама мен сайлау комиссиясы кейінірек бекіткен хаттамадағы деректер арасында айырмашылық бар.

- Алматы қаласы бойынша орталық сайлау комиссиясы бекіткен хаттама мен бізде бар хаттаманы салыстырсақ, Қосановқа дауыс бергендер санында айырмашылық бар. [Сайлау комиссиясының деректерінде] Қосановқа дауыс бергендер саны 20 мыңға азайтылып көрсетілген. 208 учаскеден алынған хаттама бойынша, Қосановқа 72 316 адам дауыс берген. Бірақ аймақтық сайлау комиссиясы "Алматы қаласы бойынша Қосановқа дауыс бергендер саны 50 366 адам" деп көрсеткен. Мұны жоққа шығаруы үшін орталық сайлау комиссиясы бізге басқа учаскелер бойынша хаттамаларды беруі керек, - деді Почанов.

Белсенді "Тоқаевтың пайдасына бюллетеньдерді топтап тастау жиі болды" дейді.

Сайлауда бақылаушы болған және бір белсенді – Серік Әбішев "Қазақстан бойынша жұмылдырылған мыңнан аса бақылаушы сайлау учаскерлерінде өте көп заңбұзушылық анықтағанын" айтады. Әбішевтің сөзінше, бақылаушыларға сайлаудың барысын тексеруге толық мүмкіндік берілмеген.

Әбішев "Тоқаев Қосановтан озып тұрғанымен 208 сайлау учаскесінде Тоқаевқа дауыс бергендер саны 50 пайызға жетпейді" дейді.

Белсенді Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері өткен сайлаудың ешбірінде қылмыстық кодекстің сайлау құжаттарын, референдум құжаттарын бұрмалау немесе дауыстарды дұрыс есептемеу бабы бойынша ешкімнің жауапқа тартылмағанын айтады.

- Актілердің бәрін жинадық. Шағым дайындап қойдық. [Бақылаушы болған] Айман Тұрсынхан Бас прокуратураға шағым түсіріп те қойды. Ведомстводан шағым тиісті аумаққа қарастыруға жіберілгені туралы жауап келді. Заңның бұзылуына қатысқан сайлау комиссиясы мүшелерінің жауапқа тартылуына күш саламыз, - деді Әбішев.

Өзін "Аманат" бақылаушылар ұйымының өкілімен деп таныстырған азамат баспасөз жиыны кезінде спикерлер сөзін бөліп, журналистер жұмысына кедергі жасады.

Желіде сайлау күні және учаскелер жабылған соң, бюллетеньдерді топтап салу, бір сайлаушыға бірнеше бюллетень беру, учаскелік сайлау комиссиясы хаттамаларын мазмұнын өзгертіп қайта жазу, "карусель" сияқты заңбұзушылықтар болғаны жөнінде ақпарат тарады. Заңбұзушылықтардың бірқатарын сайлауға ерікті түрде бақылаушы боп қатысқан азаматтар анықтады. 9 маусым күні кешке Бас прокуратура заңбұзушылықтар болғанын растады. Прокуратура дерегінше, 19 заңбұзушылық фактісі тіркелген. Билік хаттамаларды қайта жазу жайлы пікір білдірмеді.

Оқи отырыңыз: "Заң бұзудан" көңілі қалған бақылаушылар

9 маусым күні Қазақстанда президент сайлауы өтіп, елді отыз жылдай билеген 78 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған 66 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаев 70,96 пайыз дауыспен жеңіп шыққан. "Ұлт тағдырынан" кандидат болған Қосановқа 16,23 пайыз адам дауыс берген. Қосанов дүйсенбіге қараған түні экзит-полл қорытындысы шыққан соң іле-шала Тоқаевтың "қоғаммен диалог жүргізіп, өзгеше ойлайтындарға, әсіресе жастардың балама пікіріне төзіммен қарауға тағы да ниет танытып отырғанын" айтып, оны "жеңісімен" құттықтаған еді.

Азаттық ықтимал заңбұзушылықтар туралы сұрамақ болып, Алматыдағы аймақтық комиссия мен орталық сайлау комиссиясына хабарласқанымен, жауап ала алмады. Азаттық тілшісі түстен соң Алматыдағы аймақтық комиссия отырған ғимаратқа барғанымен, есігі жабық болды. Орталық сайлау комиссиясы телефонын көтермейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG