Еуропаның төрт елінен “80 адам қол қойды” деген ашық хаттың мәтіні Серік Тұрсын (Serik Tursun) есімді қолданушының Facebook-тағы парақшасында маусымның 14-і күні жарық көрді. Хатты құрастырушылар маусымның 18-інен бастап Қазақстанның Еуропа елдеріндегі елшіліктеріне жібере бастаған.
“БҮГІН ТҮСІНБЕСЕ ЕРТЕҢ КЕШ БОЛАДЫ”
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты сайлаудағы жеңісімен құттықтаған хат авторлары сайлаудан кейінгі митингі кезінде ұсталғандарды босатуды талап еткен. Олар Тоқаевтың дипломатия саласындағы мол тәжірибесі барын еске салған.
"15 жылдан аса БҰҰ-да қызмет атқардыңыз. Бүкiл дүниежүзiнде бостандық, демократия, адам баласының құқығын сақтау, адам баласының ойын тыңдау деген ұғымдар сiз үшiн бос сөз емес екенiн бiлемiз. Сайлау өткелi төртiншi күн. Елiмiзде демократия орнына диктатура орнатып жатқанға ұқсайды. Жастарды түрмеге қамап, оларға "iштi, шектi, экстремист" деген жала жауып, Қазақстанда бостандықты буындыруға кiрiсiп кеттiңiз. Мұның арты жақсылыққа әкелiп соқпайды, қантөгiстi ешкiм қолдамайды, бiрақ халық төзiмiнiң де шегi бар, оны бүгiн түсiнген жөн, ертең кеш болады" делінген хатта.
Хаттың соңында Дания мен Финляндия, Германияда тұратын этникалық қазақтардың аты-жөні мен телефон номерлері жазылған. Жазбаны Facebook қолданушылары 33 рет бөлісіп, ондаған пікір қалдырған.
Хатты құрастырушы Швейцария астанасы Бернге жақын орналасқан Ворбен елді мекенінде тұратын этникалық қазақ Серік Тұрсынның Азаттыққа айтуынша, хатқа 80 адам қол қойғанмен онда "әр елден бір ғана адамның аты-жөні жазылған".
- Оның (Қасым-Жомарт Тоқаев – ред.) наразылық білдіріп, көшеге шыққан жастарды ұстағанына көңіліміз толмай қалды. "Еуропада тұрып жатқан қазақтардың өзгеріс болады деп күткен үміті ақталмады" деп өкінішімізді білдіріп жазған хатымыз ғой. Өйткені отыз жыл бойы бір адам басқарған елдің даму жүйесінде ешқандай өзгеріс болмады, - дейді Серік Тұрсын.
Хатқа қол қойған азаматтардың бірі, Дания қазағы Қажы Акпар Аюби Азаттық тілшісімен сұхбатта елдегі қоғамдық-саяси жағдайға алаңдап отырғанын жеткізді.
- Менің жалғыз күтетінім – әділетті Қазақстан. Әділдік болса, елдегі халықтың жағдайы жақсарады. Қоғам әділетті болса, ешбір қазақ сырт елге кетпейді. Адам өз елінде карьера жасай алмаса, сырт елден мүмкіндік іздеуге мәжбүр болады. Өкінішке қарай соңғы жылдары жемқорлық, бір адамның 30 жыл билікте отырғаны масқара жағдайға айналып, сырт елдің көзіне көрінді. Келешектегі президент әділетті қоғам орнатса, біздер де келешекте қазақпыз деп кеудеміз көтеріп, басымызды тік ұстап, айтып жүретін боламыз, - дейді Аюби.
Хатты қолдап, қол қойған азаматтардың бірі Финляндия қазағы Әйкен Қайранбайқызы сайлау күнгі Алматыда болған наразылықты өз көзімен көрген. Бірақ Азаттық тілшісі хабарласқан кезде “қонақта отырғанын айтып” пікірін ашып айта алмады.
ЕЛШІЛІККЕ “ЖЕТПЕГЕН ХАТ”
Ақпарат бойынша, хат маусымның 18-і күні Берлин мен Берн қаласындағы Қазақстан елшіліктерінің электронды жәшігіне түсуі тиіс болған. Бірақ Берлиндегі Қазақстан елшілігінің кеңсесінде отырған Алуа Нұрланқызы сейсенбі Нұр-Сұлтан уақытымен түскі сағат 15.00 шамасында "әзірге ешқандай хат алмағандарын" айтты. Ал Берн қаласындағы елшілік өкілдерімен хабарласу мүмкін болмады.
Авторлар Еуропа қазақтарының атынан жазылған хатты Қазақстанның өзге де елшіліктеріне жібереміз деп отыр.
- Ашық хатты президентке Қазақстанның Еуропадағы елшіліктері арқылы жеткізгіміз келеді. Өйткені әлеуметтік желідегі дауысымызды Қазақстан билігіне кім естіртеді, - дейді Серік Тұрсын.
Ол "өздерінің ашық хатын Қазақстан президенті оқыса, көңіл бөледі, талаптарымызбен санасады" деп үміттенеді.
Қазақстанда маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтті. Сайлаудың ресми нәтижесі бойынша, биліктің "Нұр Отан" партиясы атынан сайлауға түскен Қасым-Жомарт Тоқаев 70 пайыз дауысқа ие болып, жеңіске жеткен. Сайлау өткен күні және одан кейін елдің ірі қалаларында наразылық шаралары өтіп, азаматтар президент сайлауы мен оның ресми қорытындысына қарсылық білдірді.
Қарай отырыңыз: Алматыдағы наразылық (12.06.2019 жыл).
Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев митингілер кезінде төрт мыңға жуық адам ұсталғанын хабарлады. Құқық қорғаушылар "билік ұсталғандар санын тым азайтып көрсетті, ұсталғандардың әкімшілік жауапқа тартылғаны және қай жерде қамауда отырғаны туралы туыстарына хабарламады" деп мәлімдеді. Тәуелсіз бақылаушылар сайлау қорытындысының бұрмаланғанын айтып, сайлау нәтижесін заңсыз деп тануды талап етті. 12 маусымда Қазақстанның бірнеше қаласында қауіпсіздік күшейіп, интернет бұғатталды.
12 маусымда президент қызметіне кіріскен президент Қасым-Жомарт Тоқаев полицияның наразыларды ұстауын "міндетті шара" деп атады. Қазақстан ішкі істер министрлігі наразылық акциясына қатысушыларды "арандатушылар" деп сипаттады. Бас прокуратура "заңбұзушылықтарға одан әрі тосқауыл қоюға" уәде еткен.
12 маусымда БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі басқармасы "Бейбіт шеруде наразыларды жаппай ұстау – Қазақстанның адам құқығы бойынша алған міндеттемелеріне қайшы екені анық" деп мәлімдеді. Ұйым Қазақстанды азаматтардың бейбіт жиын өткізу мен пікір айту еркіндігін сақтауға, азаматтарға конструктивті түрде саяси өмірге араласуға мүмкіндік беруге шақырды.
ПІКІРЛЕР