Әскери қоймадағы жарылыс кезінде Арыстан жаяу қашқан бес баланың анасы Сәуле Қосақова төрт күннен соң отбасымен қалаға қайта оралды. Жарылыстан үй-жайы бүлінбесе де көп балалы отбасы оқиғадан жүректері шайлығып қалғанын, Арыста қалуға қорқатынын айтады.
Арыс тұрғындары Сәуле Қосақова мен жұбайы Махамбетжан Бейсебаев бес баласымен бірге маусымның 28-і күні үйіне Шымкенттен арнайы ұйымдастырылған автобуспен жеткен.
Содан төрт күн бұрын әскери қоймада жарылыс болғанда үй-жайын тастап қаладан қашуға мәжбүр болған көп балалы ана "Арыста балаларымның жағдайы не болар екен?" деп алаңдайтынын айтады.
"Балаларым аурушаң. Жарылыс болды, не десек те ауа-райы ластанды ғой" дейді ол Азаттық тілшісіне.
Арыс тұрғыны: "Жеті баламмен жаяу қаштым"
"ТҮНДЕ ШОШЫП ОЯНЫП, ЖЫЛАЙДЫ"
Сәуле Қосақова Арысқа жете сала үй-жайының жағдайын қарап, тексеріп шыққан. Баспанасының жарылыстан кейінгі жағдайын алғаш рет көргенін айтқан әйел "Үйіміз аман екен. Есік терезесі бүтін тұр екен" дейді.
Арысқа оралған күні үй іші мен ауласын тазалап, еріктілер берген азық-түлікпен ас әзірлеп, қазан көтерген. "Жақсылық болсын" деген ырыммен тамақ дайындаған. Бірақ балалары тамақты аузына алмаған. Ас батпаған.
- Сол күнді (маусымның 24-ін айтады - ред.) еске алсақ болды жылай береміз. Балаларым түнде ұйқыдан шошып оянады да жылайды. Кейде жұбатуға сөз таппай қосылып мен де жылаймын, - дейді Сәуле Қосақова.
Жарылыстан кейін үйіне оралған отбасының қалыпты тірлігіне орала алмай жатқаны байқалады. Тозыңқыраған шағын үйінің қорасы шашылып жатыр. Үй ауласындағы ыдыс-аяғы мен көрпе-төсегін шаң басқан. Көңілі құлазыған ана жанында үрейленіп тұрған балаларын кейде құшақтап жылап алады.
- Сол күнгі қорқыныш әлі басылған жоқ. Сондықтан болар тарс еткен кез-келген дыбысты естігенде зәре-құтымыз қашады, - дейді Сәуле Қосақова күрсініп.
ҮШ БАУЫРЫН АРЫСТАН АЛЫП ШЫҚҚАН 15 ЖАСТАҒЫ ҚЫЗ
Сәуле Қосақова маусымның 24-і күні Арыстағы әскери қоймада жарылыс болған кезде бала-шағасымен бірге үйде болған. Алаңсыз балаларын киіндіріп, базарға баруға жиналып жатқан. Үйінен сыртқа шыққанда кенет жарылысты естіген.
- Гүрс етіп қатты дыбыс естілді. "Не болды, не болды" деп бір сәт тұрып қалдық. Одан кейін екінші, үшінші рет жарылып, аспанға көк түтінмен бірге от көтерілді. У-шу басталды. Снарядтың ары-бері атылғанын байқадық. Жанталасып үйге құжаттарды алып шығуға кірдім. Сыртқа шықсам көк түтін. Балаларым мен күйеуім жоқ. Үйдің жанында анам тұратын. Анамды жетектеп шұбырған жұртпен бірге алды-артымызға қарамай қаштық, - дейді ол.
Арыстағы жарылыстың хроникасы:
Сәуле Қосақова анасымен бірге Арыстан шығу үшін бірнеше сағат жаяу жүріп, қала шетіндегі Ақтас ауылына жеткен.
- Құдай басқа салмасын, оттан шықтық қой. Қашып барамыз. Жанымызға түсіп жатқан снарядтар жарылды. Жарылған сайын балалар қорқып шыңғырды. Қарттар еңіреді. Мүгедек арбасымен жүре алмай қара жерге етпетімен құлап бір адам жатты. Қаланың іші көк түтін, у-шу, адамдардың бәрі алды-артына қарамай босып кетті. Кейбіруі жалаңаяқ. Табанына тікен кірген, шыны кескен, қан, - деп еске алды ол.
Сәуле Қосақова отбасының бір-бірінен ажырап, төртке бөлініп қашқанын кейінірек білген. Күйеуі қас-қағым сәтте жанында жүрген балаларынан көз жазып қалған. Үлкен ұлы өзінен кейінгі төрт бауырынан ажырап бөлек кеткен. 15 жастағы қызы Нұрдана өзінен кейінгі үш бауырын өрт пен жарылыс астан-кестен еткен Арыстан алып шыққан.
"Анам үйге кіргенде жарылыс болды. Ол кезде көршілеріміз, басқа да адамдардың бәрі қашты. Қорқып кеттік. Төртеуміз бірімізден біріміз ажырамай Сарыағашқа баратын жолға шықтық. Көлік тоқтаттық. Сөйтіп Ақтас ауылындағы туысқандардың үйіне жеттік, - дейді Нұрдана.
Нұрдана осы жерге келгенде сөзін кілт тоқтатып "басқа ештеңе айтпаймын" деді. Оны көрген анасы Сәуле Қосақова "қорқынышы әлі басылған жоқ" деп жанында отырған баласын құшақтады.
"АРЫСТАН КӨШКІМ КЕЛЕДІ"
Сәуле Қосақованың айтуынша, жарылыстан қашқан жұрт Ақтас ауылын бетке алып қырға қарай босыған. Аптап ыстықта бір жұтым су таппай қиналған. Бірнеше сағат жаяу жүріп, Арыс қаласына жақын орналасқан Ақтас ауылына келген.
"Балаларымды көргенде қандай күйде болғанымды сөзбен жеткізе алмаймын. Енді бірімізді біріміз таптық дегенде "Отты өшіру үшін Бөгеннің суын жібереді екен" деген xабар келді. Бөгеннің суын жіберсе Ақтасты да су шаяды деген сөз тарады. Мұны естігенде жұрт "оттан қашып, суға бататын болдық-ау" деп шошыды. Осы кезде Шымкенттен еріктілер көмекке жетті. Жұртты көліктеріне салып Шымкентке қарай тасыды" дейді Сәуле Қосақова.
Сәуленың жұбайы Маxамбетжан Бейсебаев - үшінші топтағы мүгедек. Ол Арыстан көшуге "қаражат жоқ, қолы қысқа" екенін айтады.
- Мүгедектігім үшін 30 мың теңге жәрдемақы аламын. Әйелім базарда табылған жұмысты істейді. Өзіміз әрең күнкөріп отырмыз. Үкімет қажетті дәрімді тегін бермеген. Тегін үй береді дегенге сенбеймін. Арысқа қорқып, үреймен келдік. Балаларымның бәрі мектеп жасында. Оларға зияны тие ме деймін. Әйтпесе Арыстан отбасыммен көшкім келеді, - дейді ол.
Маусымның 24-і күні таңертең Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасында алдымен өрт шығып, кейін жарылыстар болған. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан үш адам мерт болып, 160-тан астам адам зардап шеккен.
Қазақстан үкіметінің хабарлауынша, жарылыс болған күні 39 мың адам өз күшімен қаланы тастап шыққан, үш мыңнан астам адам Түркістан облысы әкімдігі ұсынған автобустармен Шымкентке жеткен. Облыс әкімдігінің мәлімдеуінше, Шымкентте қырыққа жуық, облыстың басқа аудандарында жиырмадай эвакуациялық пункт жұмыс істеген.
Бұған дейін Арыс тұрғындары биліктің берген көмегінің мардымсыз екенін, халықтың көбірек көмектескенін айтқан. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов "биліктің көмегі мардымсыз болды" деген ақпаратты жоққа шығарған. Маусымның 28-і күні көрші елді мекендерді уақытша паналаған арыстықтар үйлеріне оралды. Облыстық төтенше жағдай департаменті мәліметінше, жарылыс салдарынан қаладағы үйлердің 85 пайызы бүлініп, 26 тұрғын үй, 20 шақты шаруашылық нысаны өртенген.
Жергілікті билік үйлері жарамсыз болып қалған тұрғындар қала мектебіндегі уақытша паналау орталығына орналасатынын хабарлады. Билік жарылыс салдарынан үйлері бүлінген тұрғындарға үйлерін қалыпқа келтіруге көмектесетінін мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР