Accessibility links

Билікті сынаған үш белсендіні үйқамақтан абақтыға ауыстырды


"Тыйым салынған ұйымға қатысты" деген күдікке іліккен Гүлзипа Жәукерова мен Оксана Шевчук (оң жақта) Алматының тергеу сотында отыр. Сурет 2019 жылғы шілденің 4-іне қараған түні түсірілген.
"Тыйым салынған ұйымға қатысты" деген күдікке іліккен Гүлзипа Жәукерова мен Оксана Шевчук (оң жақта) Алматының тергеу сотында отыр. Сурет 2019 жылғы шілденің 4-іне қараған түні түсірілген.

Алматының тергеу соты тыйым салынған ұйымға "қатысқан" деген айып тағылған Жазира Демеуова, Гүлзипа Жаукерова мен Оксана Шевчукті үйқамақтан абақтыға ауыстырды.

ТАҢҒЫ БЕС ЖАРЫМДА ШЫҚҚАН ШЕШІМ. ГҮЛЗИПА ЖӘУКЕРОВАНЫҢ СОТЫ

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты 51 жастағы Гүлзипа Жәукерованы үйқамақтан тергеу изоляторына ауыстыру туралы қаулы шығарды. Судья Анина Байдәулетова сот шешімін шілденің 4-і күні таңғы сағат бес жарымда оқыды. Байдаулетованы абақтыға қамау туралы тергеуші Толғанай Ержанова түсірген өтінішті прокурор Болат Жұмағалиев қолдаған.

Сот шешімі шығар алдында, шілденің 3-і күні кешке Жәукерованың үйін тінтіген. Күдіктінің адвокаты Гүлнар Жуаспаева бұл уақытта қалада болмаған, тінту оның қатысуынсыз өткен.​

Сот билікті сынаған үш белсендіні қамауға алды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:07 0:00

​Маусымның басынан бері үйқамақта отырған Гүлзипа Жәукерованы сотқа шілденің 4-іне қараған түні жеткізген. Оған мемлекет тағайындаған адвокат Марат Ахметжанов соттан тергеушінің өтінішін қанағаттандырмауын сұраған.

Сотта Жәукерова шілденің 6-ы күні бейбіт шеруге шығуға шақырған үнпарақты сақтап қойғанын, мұны қылмыс деп санамайтынын мәлімдеді. (Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынаушы, қазір шетелде тұратын қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов негізін қалаған, Қазақстан соты тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы өз жақтастарын Назарбаевтың туған күнімен дөп келетін шілденің 6-сы күні үкіметке қарсы шеруге шығуға шақырған - ред.) Жәукерова "Шал кет!" деген жазуы бар үнпарақтың мазмұнында заңға қайшы ештеңе жоқ деген пікір білдірді.

Бұған қоса, үйінде мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырғанын айтқан Гүлзипа Жәукерова соттан жәрдемге мұқтаж баласы қараусыз қалатынын ескеруді сұрады.

Гүлзипа Жәукерова мен оған мемлекет тағайындаған адвокат Марат Ахметжанов сот залында отыр. Алматы, 4 шілде 2019 жыл.
Гүлзипа Жәукерова мен оған мемлекет тағайындаған адвокат Марат Ахметжанов сот залында отыр. Алматы, 4 шілде 2019 жыл.

Сот Гүлзипа Жәукерованы екі ай мерзімге тергеу изоляторына қамау туралы шешім шығарды. Жәукероваға мемлекет тағайындаған адвокат сот қаулысы жарияланған кезде отырысқа қатысқан жоқ.

ТІНТУ КЕЗІНДЕ "ТАБЫЛҒАН" ТҮТІНДЕТКІШ ТҮТІКТЕР. ОКСАНА ШЕВЧУКТІҢ СОТЫ

Гүлзипа Жәукерова сияқты күдікке ілініп, маусымның 1-інен бері сот шешімімен үйқамақта отырған 30 жастағы көп балалы ана Оксана Шевчуктің үйін тінтуге полиция өкілдері шілденің 3-і күні кешке келген. Шевчуктің адвокаты Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, Алматының солтүстік ауданында ата-анасы, азаматтық некедегі жұбайы және төрт баласымен бірге тұратын Оксананың үйіне бейсенбі күні сағат 21 шамасында келген кезде билік өкілдері оны ішке кіргізбей қойған. Біршама уақыттан соң ол ішке кіруге мүмкіндік алған, бірақ көп ұзамай полиция қызметкерлері Оксана Шевчукты көлікке отырғызып, алып кеткен. Шевчук өткен айда полицияның уақытша ұстау изоляторында бірнеше сағат өзімен бірге болған сегіз айлық бөбегі Еваны анасына тастап кетуге мәжбүр болған.

Шамамен сағат 23 кезінде тергеуші Толғанай Ержанова Шевчукты үйқамақтан тергеу изоляторына ауыстыру туралы сотқа өтініш беру үшін тиісті құжатты рәсімдеп болды. Құжатта Шевчуктің үйін тінтіген кезде алты үнпарақ пен түтіндеткіш төрт құты табылғаны жазылған. Түн ортасына таман сотқа жеткізілген Шевчукты сот залына таңғы сағат төрттен кейін кіргізіп, сот қаулысын бейсенбі күні таңертеңгі сағат 8.30 кезінде жариялады. Сотта Шевчук үйіне әлгі заттарды "тінту кезінде біреулер әдейі тастаған" деп мәлімдеді. Ол заттарды үйді тінтуге келген полицейлер тастаған болуы мүмкін деген күдігін айтты.Соттан Шевчукке бұған дейін тағайындалған бұлтартпау шарасын өзгертуді сұраған тергеушінің дәлел ретінде келтіргендерін Шевчуктің адвокаты Ғалым Нұрпейісов "жалған" және "арандату" деп атады.

- Егер бұрын саналы түрде саясаттан аулақ болуға тырыссам, енді тергеуші Ержанованың келтіргенінде заңды себеп мүлде жоқ екенін мәлімдеуге мәжбүрмін. Есесіне енді шілденің 6-сына жоспарланған мерекелік шараларды ың-шыңсыз өткізуге байланысты саяси себеп айқын көрініп қалды. Сондықтан Оксана Шевчуктің ісі - саяси іс деп бүкіл жауапкершілікпен мәлімдеймін, - деді адвокат Нұрпейісов.

Сот қаулысы жарияланғаннан кейін Ғалым Нұрпейісов Азаттық тілшісіне жоғары тұрған инстанция оның күшін жояды деп үміттенбейтіндіктен Шевчук екеуі апелляциялық шағым беруден пайда жоқ деп санайтынын айтты.

Оксана Шевчук (сол жақта) пен адвокаты Ғалым Нұрпейісов сот залында отыр. Алматы, 4 шілде 2019 жыл.
Оксана Шевчук (сол жақта) пен адвокаты Ғалым Нұрпейісов сот залында отыр. Алматы, 4 шілде 2019 жыл.

"ТҰРҒЫНДАРҒА ҚАУІП ТӨНДІРЕДІ". ЖАЗИРА ДЕМЕУОВАНЫ ТҰТҚЫНДАУ

Шілденің 3-і күні кешке Алматының тергеу соты "ҚДТ қозғалысына қатысқан" деген күдікке ілінген тағы бір белсенді, маусымның басынан бері үйқамақта отырған Жазира Демеуованы да тергеу абақтысына қамау туралы шешім шығарды. Тергеуші Толғанай Ержанованың сотқа түсірген өтінішінде Демеуованың "үйқамақта отыру шартын бұзғаны" айтылған.

Тергеушінің жазуынша, Жазира Демеуова "үйқамақта отырса да "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қатысуын доғармай, Алматы қаласындағы жағдайды шайқалту мақсатымен, азаматтарды шілденің 6-сы күні рұқсат етілмеген митингіге шығуға шақырған". Бұған қоса тергеуші өтінішінде Демеуованың "маусымның 1-і күні үйқамақта ұстау туралы қаулы талабын бұзып, Алматының бейбіт тұрғындарына шынайы қауіп төндіретіні" айтылған.

Жазира Демеуова сотта тұр. Алматы, 1 маусым 2019 жыл.
Жазира Демеуова сотта тұр. Алматы, 1 маусым 2019 жыл.

"Сотта Демеуованың үйқамақ шартын бұзғанына дәлел бар деген прокурор ешбір айғақ көрсетпеді" деді Демеуованың адвокаты Гүлнар Жуаспаева шілденің 3-і күні кешке. Ол сот қаулысына шағым түсіретінін айтты.

Жазира Демеуова үйінде кішкентай қызы мен отбасын асырау үшін таңертеңнен түнге дейін жұмыс істейтін үлкен қызының екі баласын бағып-қағып отыр. Жуаспаеваның сөзінше, енді ол балаларды Демеуованың қызы қарайды. Бұрын интернет арқылы жұмыс істеп, ақша тауып келген Демеуова осының алдындағы тінту кезінде құқық органдары ноутбугын алып кеткелі табыс көзінен айрылған.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛҒАН ҮШЕУ

Алматы полиция департаменті шілденің 4-і күні Жазира Демеуова, Гүлзипа Жәукерова мен Оксана Шевчукке бұған дейін тағайындалған бұлтартпау шарасын өзгертуге байланысты түсініктеме берді. Жергілікті бірнеше ақпарат сайтында жарияланған хабарламада полиция департаменті "экстремистік ҚДТ қозғалысы ұйымдастырушыларына қатысты кешенді тергеу шараларын" жүргізгенін айтқан. Полиция хабарламасында жоғарыда Демеуова, Жәукерова және Шевчукпен қоса Аширалиев деген адамды атаған.

Полицияның мәлімдеуінше, "жедел-тергеу шаралары барысында осы аталған адамдардың Алматыда экстремистік ұйымның рұқсат етілмеген акциясын өткізуге талпынғаны жайлы дерек түскен" және "бұл азаматтардың және тыйым салынған қозғалысқа қатысушы өзге де адамдардың тұрғылықты мекен-жайынан экстремистік мазмұндағы үнпарақтар, түткіндеткіш түтіктер, бояу бүркетін баллондар, компьютерлер, байланыс құралдары мен өзге заттар табылған". Полиция ірі мөлшерде ақша алынғанын хабарлаған, тергеушілер тыйым салынған ұйым ол қаржыны заңсыз акциялар ұйымдастыруға жұмсауды жоспарлаған деген долбар жасайды.

Маусым айының басында Алматы соты ҚДТ қозғалысына қатысы бар деген күдікке ілінген Жазира Демеуова, Гүлзипа Жәукерова мен Оксана Шевчукті үйқамаққа алу туралы шешім шығарған еді. Күдіктілер бұған дейін қозғалысқа мүше емес екенін, бірақ оның бағдарламасының кей баптары ұнайтынын айтқан.

Сот үш белсендіні үйқамақтан тергеу изоляторына ауыстыру туралы шешімді Қазақстанда шілденің 6-сы атап өтілетін астана күні мейрамы қарсаңында шығарды. Қазақстан астанасының атауы елді соңғы отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурызда президенттік өкілетін доғарғаннан кейін, ел президенті міндетін атқаруға кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Нұр-Сұлтан болып өзгертілген.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде шілденің 6-сы күні елдің ірі қалаларында қазіргі билік саясатымен келіспейтін азаматтардың наразылық шеруі өтетіні туралы хабар тараған.

Алматы полициясы мамырдың 1-і күні қалада рұқсат етілмеген наразылық акциясына шыққан өзге азаматтармен бірге Жазира Демеуова, Гүлзипа Жәукерова мен Оксана Шевчукті ұстаған еді. Сол күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда наразылық шеруіне шыққан жүздеген адам кезектен тыс президент сайлауына бойкот жариялауға шақырған. "Халық шаршады", "Өз таңдауым бар" деген ұран айтқан олар Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан қылып өзгертуге қарсылық білдірген. Үш сағаттан астам уақытқа жалғасқан наразылық акциялары азаматтарды жаппай ұстауға ұласқан.

Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы наразылық. 1 мамыр 2019 жыл.

AzatNews 01.05.2019
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:14:41 0:00

Мамырдың 9-ы, Жеңіс мерекесі күні Алматыда полиция Демеуова, Жәукерова мен Шевчукті тағы да ұстаған. Билік қолдау танытқан "Мәңгілік полк" акциясы басталған Астана алаңынан ұстап әкеткен бірнеше адамды полиция қызметкерлері ішкі істер бөлімшесіне жеткізген.

Полиция адамдарды қалай ұстады? 9 мамыр 2019 жыл.

Полиция адамдарды қалай ұстады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:15 0:00

Мамырдың 9-ы күні Оксана Шевчукті омыраудағы сәбиімен қоса полицияға жеткізген. Шевчуктің айтуынша, полицияда жауап алғаннан кейін оны сегіз айлық қаза Евамен бірге бірнеше сағат уақытша оқшаулау изоляторында ұстап, тек түн ортасына таман босатқан. Анасы қызының үстінде жылы киімі болмағанын, оның жаялығын ауыстыруға рұқсат етпегенін айтады. Шевчуктің сөзінше, полицейлер оған баланы үйіне тастап кетуге кеңес берген, бірақ ол қызының әлі омырауда екенін және анасы жоқ болса қатты мазасызданатынын айып келіспеген. "Оның полицейлер жауап алу ұзаққа созылмайды, кіресің де, шығасың" деп сендірді дейді Шевчук.

Алматы қалалық прокуратурасы Шевчуктің адвокатының шағымына берген жауабында омыраудағы сәбидің анасымен бірге бірнеше сағат уақытша ұстау изоляторында отыруынан "еш заңсыздық таппағанын" хабарлаған. Адвокат Нұрпейісовке жолдаған хатта прокуратура мамырдың 9-ы күні Шевчукты кішкентай қызымен бірге бірнеше сағат изоляторда ұстаған полиция департаменті қызметкерлеріне "шара қолдануға негіз жоқ" екенін айтқан​.


  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG