Украиналық News One телеарнасы ресейлік «Россия 1» мемлекеттік арнасымен телекөпір өткізбейтін болды. Редакцияның мәлімдеуінше, журналистер мен олардың жақындарына біреулер қоқаң-лоқы жасаған.
«Телеарналарға осындай әрекеттер жасау арқылы Украина журналистердің еркіндігін шектейтін, тілшілерді қорқытып ұстайтын бұрынғы уақытқа қайта оралады. Біз Украинада бейбітшілік орнағанын қалаймыз. Бірақ мұны қаламайтын күштер бар» деп жазылған телеарна мәлімдемесінде.
Украина бас прокуроры Юрий Луценко Facebook парақшасында телекөпірді «сатқындық талпынысы» деп атады. БАс прокуратура телеарна иесі мен бағдарлама жайлы анонс жасаған тележүргізушіні прокуратураға шақырды
Бұған дейін украиналық саясаткерлер – елдің премьер-министрі Владимир Гройсман, бұрынғы президент Петр Порошенко, «Батькивщина» партиясының жетекшісі Юлия Тимошенко, «Голос» партиясының лидері Святослав Вакарчук News One телеарнасының «Россия 1» арнасымен телекөпір жүргізу идеясын сынаған.
Украиналық News One телеарнасына ресейшіл саясаткер, Ресей президенті Владимир Путиннің жақын танысы Виктор Медвечуктың қатысы бар.
7 шілдеде ресейлік тележүргізуші Дмитрий Киселев 12 шілдеде «Россия 1» телеарнасы News One арнасымен бөлек телекөпір өткізетінін мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР