Accessibility links

БАҚ: Бердімұхамедов қазасы туралы сыбыс таратқандар ұсталды


Шай туралы кітабын ұстап тұрған Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов.
Шай туралы кітабын ұстап тұрған Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов.

Түркіменстанда президент Гурбангулы Бердімұхамедов қазасы туралы сыбыс таратқандарды ұстап жатыр. Бұл туралы "Түркіменстан хроникасы" порталы хабарлады.

Басылым мәліметі бойынша, "Түркіментелеком" компаниясы Лебап бөлімшесінің бір қызметкері, су шаруашылығы мен жергілікті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының екі жұмысшысы ұсталған.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов қазасы туралы ақпарат жалған екені ресми жоққа шығарылған соң, әлеуметтік желілерде түркімен экстрадасы өкілдерінің "жалған ақпаратқа сенбеуге" шақырған үндеулері жарияланды. Олар жазбаларын #duryalan (#сыбыстытоқтат) хэштегімен жариялаған.

21 шілдеде Youtube-та оппозициялық "Тәуелсіз Түркіменстан" арнасы "Бердімұхамедов 20 шілдеде қайтыс болды" деп хабарлаған. Президент соңғы мәрте көпшілік алдына 5 шілдеде шыққан еді. 15 шілдеде президенттің баспасөз қызметі мемлекет басшысының демалысқа шыққанын хабарлап, оның немерелерімен ойнап жүргені түсірілген видео жариялады.

"Түркіменстан хроникасы" сайтының мәліметінше, президент ұшағын 12 шілдеде Германияда байқағандар бар. Хабарға қарағанда, ұшақ Германияға Бердімұхамедовтің науқас анасын жеткізген. Президент көпшілік алдына шықпауын "анасының қатты ауырып қалуымен" түсіндірген.

Оқи отырыңыз: Автократ басшының көзден таса болуы қауесетті өршітеді

Биыл 29 маусымда 62 жасқа толған Гурбангулы Бердімұхамедов Орталық Азиядағы табиғи газға бай Түркіменстанды 2006 жылдың желтоқсанынан бері басқарып келеді. Ол - Сапармұрат Ниязовтан кейінгі елдің екінші президенті.

2017 жылы ақпанда өткен президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша, сайлаушылардың 97 пайызы дауысын алған Гурбангулы Бердімұхамедов үшінші мерзімге президент болып сайланған. Бұл елде президент жеті жылға сайланады.

Батыс бақылаушылары Түркіменстанда осы кезге дейін бір де бір сайлау әділ және еркін өткен жоқ деп санайды. Түркіменстан билігін сынайтындар мен құқық қорғаушылар Бердімұхамедовтің билікке келгелі өзгеше ойлайтындарды қудалағанын және айтарлықтай өзгеріс жасамағанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG