Accessibility links

Жиырмадан астам наразы әйел министрлік алдында түнеп шықты


Министрлік алдына түнеп шыққан аналар ыстық шай ішіп отыр. Нұр-Сұлтан, 20 қыркүйек 2019 жыл.
Министрлік алдына түнеп шыққан аналар ыстық шай ішіп отыр. Нұр-Сұлтан, 20 қыркүйек 2019 жыл.

Қыркүйектің 20-сына қараған түні баспана мен жәрдемақы мәселесін шешуді талап еткен 20-дан астам әйел Нұр-Сұлтандағы ұлттық экономика министрлігінің алдында түнеп шықты. Олар кеше таңертең Ақорда маңына жиналып, әлеуметтік мәселелерінің шешілуін талап еткен еді.

Министрлік алдында түнеп шыққан әйелдер. Нұр-Сұлтан, 20 қыркүйек 2019 жыл.
Министрлік алдында түнеп шыққан әйелдер. Нұр-Сұлтан, 20 қыркүйек 2019 жыл.

Наразы әйелдердің бірі, жеті баланың анасы Жанар Баймұхаметова кешеден бері билікке талап айтып, көшеде жүргенін, "бірде-бір депутаттың мұң-мұқтажын тыңдауға шықпағанын" айтып налыды.

- Мына үкімет бізді "бомж" құрлы көрмеді. Бір рет те келіп "не үшін отырсыңдар?", "қандай мұң-мұқтаждарың бар?" деп бір адам сұраған жоқ. Сенесіздер ме? Көп балалы аналардың бәрі министрлік алдында қондық, - деді ол.

Наразылыққа шыққан әйелдердің бірі Жанар Баймұхаметова. Нұр-Сұлтан, 20 қыркүйек 209 жыл.
Наразылыққа шыққан әйелдердің бірі Жанар Баймұхаметова. Нұр-Сұлтан, 20 қыркүйек 209 жыл.

Ол өзінің 2002 жылдан бері баспана кезегіне тұрып келе жатқанын, бірақ үш рет кезектен шығарып тастағанына шағымданды. Оның айтуынша, 2000-жылдардың басында оны "оралман мәртебесіне байланысты" кезектен алып тастаса, одан кейінгі жылдары "балаларының кәмелетке толып кеткенін айтқан".

"Биыл қайта кезекке тұрғызып, 3034-ші қылып тізімнің ең соңына тіркеді" деді ол.

Министрлік алдында түнеп шыққан әйелдердің бірі Кенжегүл Досмайылқызы Азаттық тілшісіне "кеше түнде Youtube-тан біздің отырғанымызды көріп, қарапайым азаматтар ыстық тамақ әкеп беріп еді, соны "сендерге ДВК әкеп жатыр, "тамақты алмаңдар" деп мұндағы полиция қызметкерлері өзімізге қыспақ көрсетті. СОБР-ы бар, полицейлері бар бізді қылмыскерлер сияқты күзетіп тұрды. Қайда бармасаң да күзет. Ақордаға бізді бір қадам жақындатпайды" деп шағымданды. Ал полиция аналардың "қысым жайлы" мәлімдемесін жоққа шығарды.

Астанада 2012 жылдан бері тұрып келе жатқанын айтқан бес баланың анасы, жалғызбасты ана Кенжегүл Досмайылқызы қала шетінде "времянка" жалдап тұратынын, айына 48 мың теңге төлейтінін де жеткізді.

Наразылыққа шыққан ананың бірі Кенжегүл Досмайылқызы. Нұр-Сұлтан, 20 қыркүйек 2019 жыл.
Наразылыққа шыққан ананың бірі Кенжегүл Досмайылқызы. Нұр-Сұлтан, 20 қыркүйек 2019 жыл.

- Күні-түні жұмыс істеймін. Заңды түрде істемеймін, бірақ бала-шағаны асырау үшін кішігірім шаруаларды атқарып, ақша табамын. Өйткені "отбасы асыраушысынан айрылды" деп берілетін 52 мың теңге жетпейді. Егер жұмыс істемесем, балаларым аштан өледі. Олардың киім-кешектері бар, үйірмелері бар. Қыркүйек айынан бастап көп балалы аналарға балабақша тегін болады деп еді. Бірақ мұның бәрі өтірік екен. Сегіз айдан бері әкімдікке қаншама рет бардық. Құр сөзбен қайырып жібереді. Ешкімге жағдай жасалған жоқ, - деді Кенжегүл Досмайылқызы.

"Атаулы әлеуметтік көмек алдыңыз ба?" деген сұраққа ол "енді ғана ала бастадық, оған дейін қаншама жүрдік. Айына 114 мың теңгеден ала бастадық" деп жауап берді.

Кешеден бері Ақорда мен министрліктер үйінің алдына барып, наразылық жасаған әйелдердің басты талабы - алғашқы жарнасыз төмен пайызбен баспана беру, "көп бала, аз бала" деп бөлмей, кәмелетке толмаған әрбір балаға жәрдемақы төлеу.

Ұлттық министрлік алдында түнеп шыққан бір топ ана және жергілікті әкімдік өкілдері. Нұр-Сұлтан, 20 қыркүйек 2019 жыл.
Ұлттық министрлік алдында түнеп шыққан бір топ ана және жергілікті әкімдік өкілдері. Нұр-Сұлтан, 20 қыркүйек 2019 жыл.

20 қыркүйек күні таңертең оқиға орнына Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің өкілі Бақтияр Мәкен келді.

- Бұл кісілердің көбін қабылдағанбыз. Көбіне мемлекет тарабынан үлкен көмек берілді. Әрине, баспана мәселесі бар. Бұл жерде тәртіп бар. 11 мың адам баспана (қала бойынша 47 мың адам - ред.) кезегінде тұр. Кейбірінің кезегі де келіп қалды. 407, 306 сияқты. Егер кезексіз берсек, заңды бұзамыз. Сондықтан бұларға заң бойынша аласыздар деп түсіндіріп айттық, - деді Бақтияр Мәкен.

Ол аналарға қала әкімімен кездесу үшін арнайы қабылдауға жазылу керектігін, сол жерде оларды қабылдайтынын айтты.

Биыл ақпанда Нұр-Сұлтандағы уақытша баспананың бірінде өрт шығып, бір отбасының бес баласы қаза тапқан. Осы оқиғадан соң Қазақстанда көп балалы аналар наразылығы көбейген. Олар мемлекеттің көп балалы отбасыларға тиісті деңгейде көмектеспейтінін, жәрдемақының мардымсыздығын айтып, баспана мәселесін шешіп беруді талап еткен.

Сәуір айында билік атаулы әлеуметтік көмек туралы заң қабылдап, оған сәйкес көп балалы отбасыларға әр балаға 21 мың теңгеден төленетін болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есебінше, 15 тамыздағы жағдай бойынша 1,8 миллион қазақстандық атаулы әлеметтік көмек (АӘК) алған. Бюджеттен АӘК төлеу үшін 103 миллиард теңге (335 млн доллар) бөлінген. Жәрдемақы алғандардың 42 пайызы қалада, 58 пайызы ауылда тұрады.​ Бірақ бұған дейін әр аймақтан аналар әлеуметтік көмекті рәсімдеу және алу кезінде түрлі проблемаға кезіккенін мәлімдеген.

Ел үкіметі жеңілдетілген ипотека мен арзан жалдамалы баспана бағдарламасын да жасаған. Алайда наразы әйелдер "алғашқы жарнаны төлеуге шамамыз жетпейді, оны алып тастасын" деген талап қойып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG