21 қыркүйекте түскі сағат 14.20 шамасында Алматыдағы Панфилов көшесінің бойында полиция азаматтарды ұстай бастады. Оқиға орнында болған Азаттық тілшісінің хабарлауынша, олардың саны жиырмадан асқан.
Жиналғандардың бірі "жәй жүрмін" десе, бірі "жұмыстан келе жатырмын, қолыңды тарт" деп оларды ұстамақ болған полиция қызметкерлеріне қарсылық танытты. Ұсталғандар арасында әйелдер де болған.
Бұдан алдын бірнеше белсенді "митинг болады" деп алдын ала белгіленген орынға келіп, билікке талап айтуға оқталған. Бірақ полиция қызметкерлері олардың сөзін аяқтатпай, бірден көлікке отырғызған.
Нұр-Сұлтан, Алматы және басқа да бірнеше қалада "рұқсат етілмеген митингі" алдында адамдар талаптары мен пікірлерін айтуға үлгермеді. Полиция оларды бірден ұстап әкетіп жатты. Наразылардың кейбірі "Саяси тұтқындарға бостандық!", "Шал дұшпан!", "Қазақтар қорықпаңдар!" деп айқайласа, кейбірі осындай ұран жазылған плакатпен шыққан.
Түскі екі жарым шамасында оқиға орнына барған әкімдік, прокуратура өкілдері жұртқа "митингінің заңсыз екенін айтып", үйлеріне тарауын талап етті. Шамамен жиырма минуттан соң полиция адамдарды ұстауын бәсеңдетті.
Қазір Панфилов көшесімен шексесетін Астана алаңы жабық. Оның жанындағы Әлия мен Мәншүк ескерткіші орналасқан саябақты да полиция бақылауға алған.
Тікелей эфирді көріңіз:
Бұған дейін өзін билік оппоненті ретінде атайтын, шетелде жүрген қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов 21 қыркүйекте жақтастарын көшеге шығуға шақырған. Қазақстанның бас прокуратурасы "рұқсат етілмеген митингіге қатысу заңсыз" екенін ескертіп, митингіге шыққан азаматтардың "жазаланатынын" хабарлады. Осы апта басынан бері республиканың түкпір-түкпірінде 50-ге тарта белсендіні полиция шақырып, 35-тен астам белсенді әкімшілік жазаға тартылды.
ПІКІРЛЕР