Accessibility links

Тоқаев Қытайдың "цифрлы технологияларын" қолдануды тапсырды


Қытайдың Hikvision компаниясының камералары.
Қытайдың Hikvision компаниясының камералары.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қазанда Нұр-Сұлтан қаласының дамуына арналған жиналыста "Қытайдың адамдардың жеке бас деректерін цифрландыру әдісін" мақтап, Қазақстан Пекиннің тәжірибесін қабылдау керегін айтты. Тоқаев бұл мәлімдемесін Қазақстанда Қытайға деген қарсылық өршіп тұрған тұста жасады. Шыңжаңдағы қазақтарға жасалып жатқан қысымнан кейін Қазақстанда Қытайға деген қарсылық күшейген.

"[Қытайдың] Hikvision компаниясы… Олардың техникасы жақсы дамыған. Негізгі қалаларын цифрландырды. Өте жақсы цифрландырды. Қалай жасағанын түсіндірмей қояйын. Экранды бассаң, адам жайлы барлық ақпарат шыға келеді. Қай жылы институт тәмамдады, бос уақытында қайда барады, қандай кредиті бар бәрі шығады" деді Тоқаев. Қазақстан президентінің сөзін "Курсив" сайты жариялады.

Тоқаев айтқан Hikvision компаниясына АҚШ-тың сауда министрлігі санкция салған. АҚШ Hikvision бастаған Қытайдың 28 компаниясын "Шыңжаңдағы аз ұлттарға қысым жасауға атсалысты" деп санайды. Тоқаев қыркүйекте Қытайға барған сапарында Hikvision компаниясының штаб-пәтерін аралаған.

Оқи отырыңыз: АҚШ Қытай фирмаларына санкция салды. Арасында Тоқаев барған компания да бар

"Курсив" Тоқаевтың "Біз осы жолмен жүруіміз керек. Бұл – әлемдік тенденция. Астана басшылығына, үкіметке және тиісті министрлікке осыны тапсырамын" деген сөзін де келтірді.

Шілдеде америкалық Wall Street Journal келіссөзге қатысқандардың біріне сілтеме жасап, "Пекин Қазақстанның қауіпсіздік саласында Қытай компанияларының қызмет етуіне рұқсат беруі үшін Нұр-Сұлтанды көндіруге тырысқан" деп жазды.

Өткен айда АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео "Қытайдың Шыңжаңдағы науқаны терроризммен күрес емес, бұл науқан – өз азаматтарының құндылықтарын жою әрекеті" деген.

АҚШ cанкция салған Қытай компаниялары енді Америкадан Вашингтонның рұқсатынсыз тауар сатып ала алмайды.

Шыңжаңдағы қазақтар мен ұйғырлардың қысым көріп, лагерьге қамалып жатқаны туралы ақпарат 2017 жылы көктемінде шыға бастаған. Өткен жылы БҰҰ Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін Қытайдың солтүстік-батысындағы "саяси тәрбие лагерьлерінде" ұстап отырғаны туралы мәлімдеген. Басында мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар" деп атаған.

Ал биыл қыркүйекте Қазақстанда өткен "Қытай экспансиясына қарсы" наразылық шараларына қатысқан ондаған адам әкімшілік жауапқа тартылып, кейбірі қамалып, кейбіріне айыппұл салынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG