Accessibility links

АЕ/АР президенті: Ресей думасы шетелдік БАҚ-ты саяси себеппен айыптап отыр


Азат Еуропа/Азаттық радиосы логосы. Көрнекі сурет.
Азат Еуропа/Азаттық радиосы логосы. Көрнекі сурет.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясының президенті Джейми Флай Ресей думасы шетелдік БАҚ-ты (оның арасында Азаттықтың Орыс қызметі де бар) негізсіз және саяси себеппен айыптап отыр деп мәлімдеді. 17 қазанда Ресей думасының арнайы зерттеу комиссиясы шетелдің бірқатар ақпарат құралдарын "сайлау заңнамасын бұзды" деп айыптап, "Роскомнадзор" және бас прокуратураға шағымданатынын айтқан.

"Интерфакстың" жазуынша, зерттеу комиссиясының жетекшісі Василий Пискарев мәлімдемесінде Азаттықтың Орыс қызметі, "Настоящее время", "Америка дауысы", BBC-дің Орыс қызметі, Медуза, "МХБ медиа" және өзге ақпарат құралдарын атаған. Комиссия жетекшісінің сөзіне қарағанда, олар "думаға сайлауы күні және одан бір күн бұрын яғни, "Тыныштық күні" сайлау заңнамасын бұзған".

"Дума негізсіз және саяси себеппен айыптап отыр. Бұл айыптау Ресейдегі тәуелсіз БАҚ-тың үнін өшіруге және тәуелсіз журналистерге қысым жасауға бағытталған. Біз журналистерді қолдаймыз және олардың кәсіпқойлығына күмән келтірмейміз. Ресей халқына елдегі жағдай туралы шынайы ақпарат жеткізу миссиясынан бас тартпаймыз" деді Джейми Флай.

Биыл жазда Мәскеу мен Ресейдің өзге қалаларында жаппай наразылық акциялары өтіп, тұрғындар тәуелсіз кандидаттарды дума сайлауына жіберуді талап еткен. Мемлекеттік дума сол кезден бастап шетелдік БАҚ-ты айыптай бастаған. Бұған дейін АЕ/АР президенті Джейми Флай мемлекеттік дума комиссиясының жұмысы Ресей азаматтарының тәуелсіз ақпарат құралдарын оқу құқығын шектейді деп мәлімдеген.

Ресей билігі осыған дейін де шетелдік БАҚ-ты оның ішінде Азаттықтың Орыс қызметін "елдің ішкі ісіне араласты" деп айыптаған. 2017 жылы желтоқсан айында Азаттықтың Орыс қызметі және АЕ/АР-дың кейбір жобаларын "шетел агенті" деп танылған үкіметтік емес ұйымдар қатарына қосқан.

Ресей думасы сол кезде мұның Russia Today арнасын шетел агенті ретінде тіркеуді міндеттеген АҚШ билігінің әрекетіне "қарымта жауап" екенін меңзеген. Бірақ АҚШ "шетел агенті" туралы заңның Ресей заңына ұқсамайтынын - заңның еркіндікті шектемейтінін бірнеше рет ескерткен. Ресей билігінің кейбір ақпарат құралдарына "шетел агенті" мәртебесін таңуын жергілікті және халықаралық құқық қорғау ұйымдары сынаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG