Австрияның прокуратурасы бұрынғы офицерге Ресейге тыңшылық жасады деп ресми түрде айып тақты. Ведомство дерегінше, экс-полковник 25 жыл бойы ГРУ-ға жұмыс істеген. Айыпталушының аты-жөні айтылмайды. Ол бұған дейін кінәсін мойындаған.
Отставкаға кеткен полковникті өткен жылы қараша айында ұстап, қамауға алған. Тінту кезінде одан 250 мың еуро көлемінде ақша табылған.
Тергеу дерегінше, ол алғаш рет ГРУ-мен 1987 жылы байланыс орнатқан, 1990 жылдан бері Австрияның авиациясы мен артиллериясы туралы құпия деректі Ресейге берген. Тергеушілердің болжамынша, ол тыңшылар тобының құрамына енуі мүмкін.
Бұрынғы офицердің тыңшылыққа қатысы болуы мүмкін екенін өткен жылы алғаш рет ақпарат құралдары хабарлаған. Сол кезде Австрияның сыртқы істер министрі Карин Кнайсль Ресейге сапарлаудан бас тартқан. Канцлер қызметін атқарған Себастьян Курц Ресей әрекетін сынаған. Ал Мәскеу Венаның тыңшылыққа қатысты күмәні болса, ақпарат құралдары арқылы емес, тікелей Мәскеуге айтуы керек деп мәлімдеген.
Шілде айында Австрияның ішкі істер министрлігі Ресей азаматы Игорь Зайцевке іздеу жариялаған. Полиция болжамынша, ол ГРУ-да жұмыс істеген.
ПІКІРЛЕР