Оралдағы көпсалалы аурухана дәлізіндегі таң. 21 жастағы Лариса Бейсованың туыстары дәрігерлер хабарын тосып тұр. Бойжеткен ауруханаға жол апатынан кейін, қарашаның 19-ы күні түскен. Полиция көлігі қала шетіндегі Зачаганск ауылында жолаушыны қағып кеткен. Лариса биыл медицина колледжін бітіріп, мамандығы бойынша жұмысқа тұрған. Фельдшер болып жұмыс істеп жүрген. Туыстары смартфоннан Ларисаның суретін көрсетті: нәзік қыз күлімсіреп тұр.
Қаратөбе ауылынан Оралға келген Лариса Бейсованың шешесі өзін аурухана бөлімшесіне кіргізбегенін айтады. Қызы ес-түссіз, ауыр халде жатыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасында журналистерге науқастың басы жарылғанын және басқа да ауыр жарақат алғанын хабарлады.
Аурухана дәлізінде таңертең өздерін қызды қаққан полиция қызметкерінің ата-анасымыз деп таныстырған адамдар жүрді. Ғарифулла Баймұқашев жол апаты туралы хабар алған бойда әйелімен бірге ауруханаға келгенін айтады. Баймұқашевтардың сөзінше, 26 жастағы ұлдары Ренат изоляторда отыр.
- Қыздың жағдайы туралы дәрігерлердің хабарын күтіп, кейін полицияға барамыз. Әзірге [ұлымыздың] жағдайы қалай екенін білмейміз. Адвокат пен басқасы туралы кейін ойланамыз, - деді Ғарифулла Баймұқашев.
Полицияның тұрғынды қағып кеткені жайлы ақпарат бірінші болып жергілікті блогер Айболат Бөкеновтің Facebook парақшасында жарияланды. Жол апаты туралы таныстарынан естіген ол оқиға орнына барған. Блогер түсірген видеода қызды алып кетіп бара жатқан жедел жәрдем қызметінің медбикелері, бірнеше полиция қызметкері, алдыңғы бөлігіндегі тұманға қарсы фары бүлінген Skoda маркалы полиция көлігі көрінеді. Бөкенов оқиға орнында болған полиция департаментінің бастығы Махмұдхан Аблазимовке барып, пікір беруін сұраған. Бірақ блогердің айтуынша, Аблазимов телефонды тартып алып, қызметкерлеріне видеоны өшіртуді бұйырған. Осыдан кейін Бөкеновті медициналық сараптамаға апарып, кейіннен Зачаган ауылдық полиция бөлімшесіне жеткізген. Онда блогерге «полиция талабына бағынбады» деген айып таққан.
Оралдық журналистер таңнан бері полиция департаментінен пікір алуға тырысты. Әуелі департамент қарашаның 19-ы күні түске дейін баспасөз конференциясын өткізетінін хабарлап, кейін шара болмайтынын мәлімдеді. Баспасөз конференциясының кейінге қалуын департамент қызметкерлері Оралда өтіп жатқан «терроризмге қарсы оқу-жаттығу жұмыстарымен» байланыстырды. Кейінірек полиция баспасөз хабарламасын таратты. Онда аға лейтенант Баймұқашевқа қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 2-тармағы (Жол-көлік ережелерін бұзу) бойынша тергеу ісі басталғаны жазылған. Баспасөз хабарламасында «Тәртіптік комиссия шешімімен аға лейтенант Баймұқашев қызметтік тәртіпті қатаң бұзғаны үшін ішкі істер органындағы жұмысынан босатылды» деп жазылған. Полиция ақпаратына сәйкес, Баймұқашевтың командирлері мен басшылығы да тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Полиция департаменті таратқан баспасөз хабарламасы мәтінінің негізгі бөлігі блогер Бөкеновке арналған. Онда Бөкеновтің тергеу шараларын жүргізуге «кедергі келтіргені», ары-бері жүріп өзінің және жолдағы басқа адамдардың өміріне қауіп төндіргені, полицейлердің әрекетін видеоға түсірмек болып, бірнеше рет жол үстіне шығып кеткені жазылған. Баспасөз хабарламасында блогердің «ескертуге құлақ аспай, өзін дөрекі ұстағаны», ал медициналық сараптама Бөкенов «аздап ішіп алған» деген қорытындыға келгені де баяндалған. Департамент өкілдері «Бөкеновтің бұрын қоғамдық орында мас күйде көзге түскен болуы мүмкін» деп хабарлады.
Полиция баспасөз хабарламасында «[Бөкеновтің] ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіге негативті ақпарат беруі – өзін-өзі қорғау реакциясы» деп бағалаған.
Блогерді «полиция қызметкерлерінің талабына бағынбады» деген айыппен жауапқа тарту үшін қажетті іс материалдары жиналған. Ал Айболат Бөкенов полицияға кедергі келтірмегенін, тек «сұхбат алғысы» келгенін айтады.
- Полиция қызметкерлерінің, оның ішінде Аблазимовтің әрекетіне қатысты арыз жазамын. Генералдың өзіне азаматтардың телефонын тартып алуға болмайды. Менің телефонымдағы жазбаларды өшіруге құқықтары жоқ. Бұл заңды бұзу, өкілетін асыра пайдаланып, біреудің мүлкін заңсыз иемдену, - деді Бөкенов Азаттық тілшісіне.
Еуропа Одағы статистикалық қызметінің (Евростат) дерегінше, Қазақстан жол апаты ең жиі тіркелетін бес елдің қатарына кіреді. Елде жол сапасының төмендігі және тұрғындардың жол ережесін көп бұзатыны жиі айтылады. Ашық дереккөздерді полиция қызметкерлерінің қанша мәрте жол ережесін бұзғаны жайлы статистика жоқ.
ПІКІРЛЕР