Accessibility links

Теміржолдағы апаттан соң тұрғындар көпір салуды талап етті


Шамалған станциясындағы жол апаты кезінде қираған автобус. Алматы облысы, 15 қыркүйек 2019 жыл.
Шамалған станциясындағы жол апаты кезінде қираған автобус. Алматы облысы, 15 қыркүйек 2019 жыл.

Қыркүйектің 15-і күні кешке Алматы облысы Шамалған станциясында пойыз бен автобус соқтығысып, бір адам қаза болды. Ресми орындар ауруханаға түскен үш адамның халі ауыр екенін айтады. Апаттан кейін ондаған жергілікті тұрғын теміржолды жауып, пойыз өтетін көпір салуды талап етті.

ТЕМІРЖОЛ ӨТКЕЛІНДЕГІ АПАТ

Жол апаты жексенбі, қыркүйектің 15-і күні Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 19.20 кезінде болған. Шамалған станциясындағы автокөлік пен теміржолдың түйіскен тұсында "Алматы - Қостанай" бағытында келе жатқан жүрдек пойыз бен Алматы мен Қаскелең арасында жолаушы тасымалдайтын автобус соқтығысқан.

Ресми орындардың хабарлауынша, тыйым салатын белгіге қарамастан "теміржол өткеліне шығып кеткен автобусты" жүйткіп келе жатқан пойыз соғып өткен.

Әлеуметтік желіде тараған видеоларда өткелде кептеліп тұрған автокөліктер, жартылай жабылған шлагбауым мен теміржолды кесіп өтетін жолда көлік қозғалысына тыйым салатын қызыл түсті шам жанып тұрғаны көрінеді. Кей куәгерлердің айтуынша, "автобустың алдында да, артында да көліктер тұрғандықтан ары-бері қозғалуына мүмкіндігі болмаған".

Теміржол өткеліндегі апат
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:19 0:00

Жол апатынан автобус жүргізушісі қаза болды. Алдын ала мәлімет бойынша, 1979 жылы туған жүргізушінің есімі Бақытжан екені айтылады. Ресми орындар дерегінше, апат салдарынан зардап шеккен үш адам: бір әйел мен екі бала (2014 және 2016 жылғы) Қаскелең ауруханасына жеткізілген.

"Олардың жағдайы ауыр, бірақ қалыпты. Дәрігерлердің бақылауында. Облыс әкімінің тапсырмасымен аймақтың ең мықты дәрігерлері қазір сол ауруханаға жіберілді" деді Алматы облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел қыркүйектің 15-і күні сағат 22.30 шамасында Азаттық тілшісіне.

Ресми орындардың дерегінше, апатқа ұшыраған №456 "Алматы-Қаскелең" бағыты бойынша қатынайтын Setra маркалы жолаушы автобусында 45-тен 67-ке дейін (нақты дерек жоқ) адам болған.

Шамалған станциясында болған жол апаты кезінде қираған автобус. Алматы облысы, 15 қыркүйек 2019 жыл.
Шамалған станциясында болған жол апаты кезінде қираған автобус. Алматы облысы, 15 қыркүйек 2019 жыл.

Алматы облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел "алдын ала мәлімет бойынша, автобус пойызға соғылардан бұрын теміржолда тұрып қалған кезде кондуктор салоннан біршама жолаушыны сыртқа шығарып жіберген" деді.

Алматы облыстық полиция департаменті теміржол өткеліндегі апатқа байланысты екі бап бойынша ("Темiржол, әуе, теңіз немесе өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу" туралы 344-бап және "Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу" туралы 345-баптың "абайсызда адам өліміне әкеп соққан" тармағы) қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

- Тергеу амалдары басталды. Жол апатының себебі анықталып жатыр. Оқиға орнында полиция қызметкерлері жүр. Оқиға себебіне байланысты әркім әрқалай айтып жатыр. Бірақ тергеу амалдары біткен соң бәрі белгілі болады. Сараптама тағайындалып, себебі анықталады. Басшылар оқиғаны ерекше қадағалауға алды, - деді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Көбейхан Нұрахмет Азаттық тілшісіне.

Оқиға маңында жүрген полиция қызметкерлері. Алматы облысы, 15 қыркүйек 2019 жыл.
Оқиға маңында жүрген полиция қызметкерлері. Алматы облысы, 15 қыркүйек 2019 жыл.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жол-көлік оқиғасына байланысты арнайы комиссия құрды. Оның құрамына Көлік комитеті мен "Қазақстан теміржолы" ұлттық компаниясы өкілдері кірді деп хабарлады министрлік.

ОҚИҒА КУӘГЕРЛЕРІ НЕ ДЕЙДІ?

Өзін Қайрат Маратов деп таныстырған Шамалған станциясының тұрғыны өзі куә болған апат туралы Азаттық тілшісіне айтып берді.

- "Пробкада" (кептелісте) тұрдық. Мәшинелер үш қатардан болды. Автобустың жолына басқа көлік тұрып алған еді. Ол кеткен соң автобус өз жолағына барды. Сол кезде пойыз алыстан келе жатты. Автобустың ішіндегілердің көбі бала-шаға екен. Шопыр жанталасып, соларды түсіре бастады. Пойыз тақаған кезде қайтадан ішіне кіріп, рөлге отырды. Бірақ жүре алмады. Сол кезде пойыз соғып өтті. Тура пойыз таяған кезде ғана шлагбаум жабылды. Оған дейін ашық тұрды. Үлгере алмады. Бәріміз көріп тұрдық, - деді тұрғын.

Билік өкілдерінің айтуынша, ауруханаға ауыр халде түскен үш адам пойыз соққан кезде автобустың ішінде болған.

Өзін "Қазақстан темір жолы" компаниясының өкілі ретінде таныстырған қызметкер диспетчердің пойызға жағдайды автобусқа 700 метр қалғанда алдын ала хабарлағанын, бірақ машинистің пойызды тоқтатып үлгермегенін айтты.

ТҮНГІ НАРАЗЫЛЫҚ

Қыркүйектің 16-сына қараған түні Шамалған станциясына ондаған адам жиналып, жергілікті биліктен автобус пен пойыз жолы түйіскен тұсқа көпір салуды талап етті.

Оқиға орнында болған Азаттық тілшісінің хабарлауынша, тұрғындар "мұндай оқиға бірінші рет болып отырған жоқ, көпірге бөлінген ақша желініп қойды" деп ашуланып, "Көпір! Көпір!" деп айғайлады.

- 11 жылдан бері ылғи көретініміз осы. Азанда да сол, кешке де сол. Жұмысқа барарда, жұмыстан қайтарда екі-үш сағаттап тұрамыз. "Көпір картада бар" деп айтады. Ұзақ жолға жүретін жүргізушілер картадан көреді де осында келеді, бірақ көпір жоқ. Егер келіспесе, күн сайын кешкі 17.00 мен 21.00 арасында пойызды тоқтатсын. Біз үйімізге өтіп алайық. Одан кейін жүргізе берсін. Күн сайын жүз пойыз өтеді. Қаншама адам өліп жатыр. Егер бүгін демалыс болмай, сабақ болғанда не болар еді? Саяжайдан автобус-автобус оқушы келеді. Бұлар солардың өлімін күтіп отыр ма? Жүргізуші кінәлі дейді. Ол қайдан кінәлі болсын? Артында да, алдында да көлік болды. Өздеріңіз көрдіңіздер. Көпір салып берсін! - деді есімін Болат Бөкебаев деп таныстырған Шамалған тұрғыны.

Шамалған станциясындағы тұрғындар наразылығы. Алматы облысы, 15 қыркүйек 2019 жыл.
Шамалған станциясындағы тұрғындар наразылығы. Алматы облысы, 15 қыркүйек 2019 жыл.

Оның сөзін өзге тұрғындар да қостады. "Көпір мәселесін айтқанымызға қанша жыл болды. Балаларды да басып кетіп жатыр" деді олардың бірі. "Көпір саламыз деп жүргендеріне жеті жыл болды. 2017 жылы пайдалануға беріледі деген. Сол көпір қайда?" деп айғайлады наразы азаматтардың бірі.

Алматы облысы Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев "көпірге ақша бөлінгенбегенін, тек схемасы ғана жасалғанын", өзінің бұл қызметке бір жыл бұрын ғана келгенін айтып, тұрғындарды сабырға шақырды. "Сейсенбі күні таңертең келіңіздер, мәселені талқылайық" деген ұсыныс айтты әкім. Ақырында тұрғындар мен билік қыркүйектің 17-сі күні таңертең аудандық әкімдік алдында кездесуге келісіп, тарасты.

ҚАРАМА-ҚАЙШЫ АҚПАРАТ

Жол апаты жайлы алғаш хабарламалар пайда болған кезде ресми орындар апаттан зардап шеккендер туралы қарама-қайшы ақпарат таратты.

Әуел баста Алматы облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі "апаттан екі адам қаза тапты, 9 адам зардап шекті" деп хабарлаған. Ізінше бұл ақпаратты жоққа шығарды. Оның себебін Алматы облыстық әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел былай деп түсіндірді:

- Екі көлік жол апатынан қайтыс болды делінген екі адамның мәйітін әкелді. Оның біреуін мүлде басқа жол көлік оқиғасынан жеткізген болып шықты. Екіншісі - Шамалғандағы апатта қаза болған автобус жүргізушісі. Ал "9 адам зардап шеккен" дегенге келсек, әуел баста 9 адамға медициналық көмек көрсетіледі деген. Бірақ нақты үшеуі ғана қазір ауруханада жатыр.

Бұған қоса пойыз соққан кезде автобуста болған жолаушы санына байланысты да қарама-қайшы дерек болды. Облыстық төтенше жағдай департаменті Азаттық тілшісіне автобуста 45 адам болғанын айтты. Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында автобуста 67 адам болған деп жазды.

Алматы облыстық полиция департаменті автобуста болған адам саны туралы Азаттық тілшісінің сұрағына: "Бұл деректі тек дүйсенбі күні ғана айта аламыз" деп жауап берді.

Ресми орындардың айтуынша, темір жолдағы пойыз қатынасы қалыпты режимде жүріп жатыр.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG