ҚАМАУДАН ШЫҒЫСЫМЕН СОТҚА АПАРДЫ
Ақтөбеде соңғы жарты жылда төртінші рет әкімшілік қамауға алынып, 15 тәулік жаза мерзімін өтеп шыққан белсенді Әлібек Молдинді қарашаның 22-і күні полиция қызметкерлері қалалық сотқа жеткізді. Белсендінің үстінен көп балалы үш әйелдің шағымы негізінде Қылмыстық кодекстің 131-бабының 2-бөлігі ("Қорлау") бойынша үш қылмыстық іс қозғалған.
Жұма күні Ақтөбе қалалық сотының судьясы Темірбек Алданов Молдиннің үстінен қала тұрғындары Махаббат Сегізбаева мен Гүлмира Бимағанбетованың түсірген шағымдарын біріктіріп алғашқы тыңдауын өткізді. Судья тараптарға құқықтары мен міндеттерін түсіндірді. Шағым иелері өздерін сурет пен видеоға түсіруге қарсы болды.
Бес баланың анасы Гүлмира Бимағанбетова биыл қыркүйектің 6-ы күні Ақтөбе облысы әкімдігіне бір топ көп балалы ана әлеуметтік проблемаларын айтып барған кезде Әлібек Молдиннің телефонға түсіргенін айтады.
- Оның Фейсбуктағы парақшасынан тікелей эфирден хабар таратқанын кейін білдік. Тікелей эфирде Молдин көп балалы аналарды "мал болып өтесіңдер, халықтың тобыр екенін осыдан білуге болады" деп айтқан. Молдиннің бізді малға, тобырға теңегеніне қатты ашуландым, - дейді Гүлмира Бимағанбетова.
Екінші шағымның иесі Махаббат Сегізбаева да "Молдин ар-намысыма тиіп, қадір-қасиетіме нұқсан келтірді" деп санайды. Ол мүгедек бала бағып отырған ана екенін айтады.
Әкімшілік қамауда отырып шыққан соң полиция үйіне жібермей, бірден сот залына жеткізген Әлібек Молдин өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын айтты.
Судья Алданов айыптаушы тараптың айыптан бас тарта алатындығын да ескертті. Гүлмира Бимағанбетова "Молдин көп балалы аналарды тілдегені үшін көпшіліктің алдында кешірім сұрасын және тұрмысын тікелей эфирден көрсеткен көршіме газ құбырын тарттырып берсін, сол кезде ғана арызымды қайтып аламын" деді.
Жұма күнгі сот отырысында қатысушылардың ешқайсының адвокаты я өкілі болған жоқ. Судья сот отырысы қарашаның 27-інде жалғасатынын хабарлады.
Әлібек Молдиннің үстінен қыркүйектің 6-сы күні облыс әкімдігіне барған тағы бір ана – Сәнімгүл Сүйінбаеваның шағымы бойынша Қылмыстық кодекстің "Қорлау" бабымен және бір іс қозғалған. Облыстық соттың баспасөз хатшысы Анар Айтжанова Азаттыққа бұл үш шағым біріктірілген істі судья Темірбек Алданов қарайтынын айтты.
"БЕЛСЕНДІЛІГІМ ҮШІН ҚУДАЛАП ОТЫР"
Жұма күні сот отырысы аяқталғаннан кейін Азаттық тілшісі әңгімелескен Әлібек Молдин өзіне қарсы үш бірдей қылмыстық істің қозғалуын белсенділігімен байланыстырды.
- 2016 жылғы жер мәселесіне қатысты наразылықтан соң жергілікті билік соңыма шам алып түсті. Жергілікті фирмалардың бірінде менеджер боп жүрген жерімнен басшыма қысым жасап, мені жұмыстан қудырды. Қысымнан шаршағанын басшымның өзі ашып айтты, - дейді белсенді.
Әлібек Молдин 2019 жылғы қаңтардың 1-інен бері жұмыссыз қалғанын, отбасын асырау үшін жеке көлігімен жолаушы тасымалдай бастағанда "жалған нөмірмен жүрсің" деп тағы да қысымға кезіккенін айтады.
- Биыл төрт рет әкімшілік іс қозғалып, төрт рет изоляторда қамауда отырдым. Бүгін де сотқа сол жерден келіп тұрмын. Қайта-қайта қамап түк шығара алмағасын, енді бұлар мені қылмыстық іспен қорқытпақ. Бұл менің белсенді азаматтық позицияма жасалған қысым, - деп мәлімдеді Әлібек Молдин.
Қарашаның 22-і күні Ақтөбе қалалық сотына Молдинге қолдау білдіріп келген бір топ адамның бірі Амандық Наурызбаев та белсендіні "тапсырыс бойынша қудалап жатыр" деп есептейді.
- Әлібек Молдин жер дауы кезінде де, сайлаудың әділдігін талап еткен кезде де, Қытай экспансиясына қарсылық білдіргенде де белсенді топтың бел ортасында жүрген азамат. Ол, әрине, билікке ұнамайды, - дейді Амандық Наурызбаев.
Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева Әлібек Молдиннің "биліктің тапсырысы" туралы айтқан сөзін жоққа шығарады. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова Молдиннің үстінен қылмыстық іс қозғалғанынан хабарсыз екенін айтты.
НАРАЗЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ ҚАРСАҢЫНДА ҚАМАУ
Әлібек Молдин 1983 жылы Ақтөбе облысы Ойыл ауданында туған. Отбасылы, үш баланың әкесі. Соңғы алты айда белсенді төрт рет әкімшілік жауапқа тартылған.
- 2019 жылғы мамырдың 10-ы күні Ақтөбе облыстық әкімдігі алдындағы алаңға 14 адам шыққан. Олардың екеуі – Әлібек Молдин мен Берік Оразов "бейбіт митингілер мен жиындар өткізу тәртібін бұзғаны" үшін бір тәулікке қамалды.
- Маусымның 8-і, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтетін күннің қарсаңында Әлібек Молдин "көлігінің терезесінен көшеге қоқыс лақтырғаны" үшін үш тәулікке қамалды. Онымен бірге сол күні жергілікті белсенділер Асылхан Жаубатыров пен Берік Ноғаев "біреуге балағат сөз айтқан", ал Сағындық Бекеев "полицияға бағынбаған" деген айыппен әкімшілік қамауға алынды. Өздерінің кінәсіз қамалғанын айтқан белсенділер қамаудан шыққан соң сот қаулысына апелляциялық шағым түсірген. Апелляциялық алқа белсенділер шағымын қанағаттандырмады. Бұл төртеуі мамырдың 1-і күні қалада өткен наразылық шарасына қатысып, әділ сайлау өткізуді талап еткен болатын.
- Қазақстанның бірнеше қаласында рұқсат етілмеген наразылық акциялары өткен Астана күні қарсаңында, шілденің 5-і күні Әлібек Молдин "жеке көлігіне қолдан жасалған мемлекеттік нөмір тағып мініп жүрген" деген айыппен бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Молдин тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеген.
- Қарашаның 7-і күні Ақтөбе әкімшілік соты Әлібек Молдинді 15 тәулікке қамады. Сот Молдинге Қазақстандағы "Қытай жобаларына қарсы митингіге" шыққаны үшін бес тәулік, "полицияға бағынбағаны үшін" он тәулік әкімшілік жаза кесті. Сот құжатында Молдиннің қыркүйектің 3-і күні Ақтөбеде жергілікті әкімдік ғимараты алдында "Қытай экспансиясына жол жоқ" деген жазуы бар плакат ұстап, "Қазақтар, ояныңдар!" деп айқайлағаны, ал қарашаның 7-і күні "полицияның заңды талабына бағынбағаны" жазылған.
- Бір қызығы, маған қарсы әкімшілік істердің бәрі елде наразылық митингілері өтер қарсаңда қозғалып, қамалдым. Енді менің үстімнен үш бірдей қылмыстық іс қозғап отыр. Қыркүйектің басында әкімдік алдында митинг өткізген көп балалы аналардың да ұзақ ойлана келіп, қараша айында сотқа бір мезетте шағымданғандары да көңілге күдік ұялатады, - дейді Әлібек Молдин.
Биыл наурызда АҚШ мемлекеттік департаменті Қазақстандағы адам құқықтарының ахуалы туралы есеп жариялап, Нұр-Сұлтанды сынға алған. "Қазақстан үкіметі саяси оппоненттері мен сыншыларын рұқсат етілмеген митингі өткізді деп айыптап, оларды айыппұлға, тіпті 10 тәулік қамауға кеседі" деп жазылған есепте. Халықаралық ұйымдар Қазақстанда азаматтардың бейбіт митингіге шығу құқығы бұзылып жатқанын бірнеше рет ескертіп, Нұр-Сұлтанды халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелерін орындауға шақырған. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев митингіге рұқсат алуды міндеттейтін заңның өзгеретінін айтқан. Бірақ заңға шеру өткізу тәртібін жеңілдетуді көздейтін түзету енгізу туралы жоба парламентке әлі түскен жоқ.
ПІКІРЛЕР