4 желтоқсанда Алматы қаласындағы Алмалы аудандық сотында «терроризмді насихаттады» және "араздықты қоздырды" деп айыпталған 41 жастағы Жұлдызбек Тәуірбековтің соты жалғасты.
Тәуірбеков – "терроризмді насихаттады" деп айыпталған тоғыз адамның бірі. Оның ісі денсаулығына байланысты сегіз айыпталушыдан бөлек қаралып жатыр. 4 желтоқсандағы сот отырысында Тәуірбеков өзіне тағылған айыпты мойындаудан бас тартты. Ол тергеу кезінде тергеушілер алдап, мойындатты дейді. Сөзінше, тергеушілер айыпты мойындаса, "шартты жазаға кесілетінін айтқан".
Адвокат Фархат Гулиев сотқа Тәуірбеков ісінде сарапшы болған Мухатаеваны отырысқа шақыруды сұрады. Мухатаева Тәуірбековті айыптауға негіз болған қорытынды шығарған. Прокурор Мақсат Дәуірбаев сарапшыны сотқа шақыруға қарсы болды. Судья Қайрат Иманқұлов адвокат шағымын қанағаттандырмады.
Сот отырысының басында айыпталушы Тәуірбеков сотқа арыз жазып, процеске тергеу изоляторынан видеобайланыс арқылы қатысудан бас тартты. Ол сотты тергеу изоляторында өткізуге де қарсы шықты. Айыпталушы тек Алматы аудандық сотында өтетін сотқа келіп қатысуға келісім беріп отыр.
Судья келесі сот отырысын 11 желтоқсанға белгіледі. 3 желтоқсанда сот тергеу изоляторында отырған Тәуірбековті босатудан бас тартты.
Тәуірбековпен бірге "терроризмді насихаттады" және "әлеуметтік араздық қоздырды" деп айыпталған сегіз айыпталушының ісі сот аяқталған және қарашаның соңында Қазақстанның түрлі аймағына этаппен жіберілген. 5 тамызда Алмалы аудандық соты сегіз адамды 5-8 жыл аралығындағы мерзімге бостандығынан айыруға үкім еткен. 20 қарашада апелляция соты үкімді өзгеріссіз қалдырды.
ПІКІРЛЕР