Accessibility links

"ҚДТ-ға қатысы бар" деп айыпталғандардың үкімі өзгермеді


Айыпталушылар (солдан оңға қарай): Әнуар Әшірәлиев, Гүлзипа Жәукерова, Оксана Шевчук және Жазира Демеуова. Алматы, 13 қараша 2019 жыл.
Айыпталушылар (солдан оңға қарай): Әнуар Әшірәлиев, Гүлзипа Жәукерова, Оксана Шевчук және Жазира Демеуова. Алматы, 13 қараша 2019 жыл.

12 желтоқсанда Алматы қалалық соты тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына қатысы бар деп айыпталған қала тұрғындары Оксана Шевчук, Гүлзипа Жәукерова, Әнуар Әшіралиев және Жазира Демеуоваға шыққан сот үкімін өзгеріссіз қалдырды. Сот отырысына қатысқан Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сот Әшіралиев пен Жәукерованы қоғамдық жұмыстан ғана босатқан.

19 қарашада Алмалы аудандық соты бұл төрт адамның бас бостандығын бір жылға шектеген. Бұған қоса, сот Жәукерова, Әшірәлиев және Демеуованы бір жыл ішінде 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеген еді. Судья Құралай Дарханова Шевчуктің кішкене баласы барын ескеріп, оны 100 сағаттық жұмыстан босатқан. Сот үкімінде айып тағылған төрт азаматтың Қылмыстық кодекстің 405-бабы, 2-тармағында қарастырылған қылмысқа барғаны толық дәлелденгені айтылған.

Бұған дейін қорғау тарабы үкімді апелляцияға берген еді. Олар апелляциялық соттан бірінші инстанцияда шыққан сот үкімінің күшін жойып, "қылмыстық құрамы жоқ болғандықтан" істі толық тоқтатуды сұраған. Істі судья Людмила Бектемірова қарады.

Сотта ісі қаралған 30 жастағы Оксана Шевчук, 51 жастағы Гүлзипа Жаукерова мен 36 жастағы Әнуар Әшіралиев шілде мен қараша айлары аралығында қамауда отырды. Жазира Демеуова қыркүйек айында үйқамаққа шығарылған. Төртеуі де өздеріне тағылған айыппен келіспейді.

Тамыз айында қазақстандық құқық қорғаушылар Жазира Демеуова, Гүлзипа Жаукерова, Әнуар Әшіралиев пен Оксана Шевчукті саяси тұтқындар тізіміне енгізген. Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар барын жоққа шығарады.

Оқи отырыңыз: Бостандығын шектеу және 100 сағат қоғамдық жұмыс: ҚДТ қызметіне "қатысы бар" белсенділерді қалай соттады?

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG