Accessibility links

"Батькаға қарсы келме". Биліктің оппоненттерін қалай өлтірді?


Беларусь президенті Александр Лукашенко. Вена, Австрия, 12 қараша 2019 жыл.
Беларусь президенті Александр Лукашенко. Вена, Австрия, 12 қараша 2019 жыл.

Беларусь елінде арнаулы жедел іс-қимыл тобының бұрынғы қызметкері батыс басылымына берген сұхбатында 1990 жылдардың соңында оппозициялық саясаткерлерді ұрлап әкетіп, өлтіруге қалай қатысқанын айтып берді. Ол өзіне "қастандық жасалуы мүмкін" деген қауіппен былтыр шетелге қоныс аударған.

"Неміс толқыны" радиостанциясына берген сұхбатында Беларусь арнаулы жасағының бұрынғы қызметкері Юрий Гаравский адам ұрлауға қатысқаны туралы айтты. Ол қазір нақты қай елде екенін ашып айтпады, тек "Альпідегі елдердің бірінде" екенін жеткізді.

Гаравский 1999 жылы мамырдың 7-сі күні Беларусьтің бұрынғы ішкі істер министрі Юрий Захаренконы ұрлау операциясына өзі және арнаулы топтың жетекшісі Дмитрий Павличенкомен бірге тағы жеті адам қатысқанын айтады. Гаравскийдің сөзінше, бірнеше апта бойы сырттай аңдығандар Захаренконы көлік тұрағынан үйіне келе жатқанда ұста, Минскіге жақын орналасқан Воловщины ауданындағы ішкі әскердің оқу базасына жеткізген. "Павличенко Захаренконы тапаншамен атып өлтіріп, денесін Минскідегі Солтүстік зираттың крематорийіне апарып, жағып жіберген соң бұл іске қатысқан қызметкерлерге бір апта демалыс беді" дейді ол.

Юрий Захаренко мен Виктор Гончарды еске алу шарасы. Минск, 24 қараша 2015 жыл.
Юрий Захаренко мен Виктор Гончарды еске алу шарасы. Минск, 24 қараша 2015 жыл.

Юрий Гаравский 1999 жылы қыркүйектің 16-сы күні Беларусь орталық сайлау комиссиясының бұрынғы басшысы Виктор Гончар мен оның кәсіпкер досы Анатолий Красовскийді ұрлауға да қатысқанын айтады. Кейінірек Павличенко Гаравскийге Гончардың қолында "Лукашенконы биліктен тайдыруға 100 пайыз негіз боларлық компромат" барын, сондықтан оның "көзін құрту" керегін айтқан. Красовский оппозиция демеушілерінің бірі саналғанымен, оны Гончардың жанында болғаны үшін ғана өлтірген.

Бұрын Захаренконы өлтіруге қатысқан арнаулы топтың қызметкерлері мінген екі көлік кәсіпкер Гончардың көлігін жол үстінде алдынан бөгеп тоқтатқан. Гончар мен Красовскийді екі басқа көлікке отырғызып, Витебск облысы Бегомль қаласының шетіндегі арнаулы топтың базасына апарған. Гаравскийдің сөзінше, ұрланған азаматтарды бұл жолы да Павличенко өлтіріп, екеуін де сол жерге көмген. Сөзіне дәлел ретінде Гаравский Гончардың аяғында екі башпайы жоқ екенін айтты. Красовскийдің көлігін қару-жарақ тасымалдайтын техникамен қиратып, көміп тастаған. Бұл операцияға қатысқан әр қызметкер 1000 доллар көлемінде сыйақы алған.

Юрий Гаравский.
Юрий Гаравский.

Гаравский 2000 жылы шілденің 7-сі күні ОРТ телеарнасының операторы Дмитрий Завадскийдың жоғалып кетуіне арнаулы топ қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін деп санайды. Сол күні Гаравский демалыста болған, бірақ оның кей әріптесін жұмысқа шұғыл шақырған.

Гаравский адам ұрлау мен өлтіруге қатысқан азаматтар әлі күнге Беларусь ішкі істер органы жүйесінде жұмыс істейтінін, кейбіреуі жоғары лауазымды қызметте отырғанын айтады. Олардың қатарында сол кездегі ішкі істер министрі Юрий Сиваков пен Қауіпсіздік кеңесінің басшысы Виктор Шейманды атады. 2016 жылы қыста Еуропа одағы Беларусьтің 170-тен астам азаматына қарсы енгізген санкцияларының күшін жойған кезде, Сиваков, Шейман мен Павличенко 1990 жылдардың соңындағы атышулы қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен бұл "амнистияға" ілінбеген.

1997 жылы ОРТ телеарнасы көрсеткен сюжеттен кейін Беларусь мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтті деген айыппен жауапқа тартылған телеоператор Дмитрий Завадский (сол жақта) мен журналист Павел Шеремет Ошмянск ауданы сотында отыр. 17 желтоқсан 1997 жыл.
1997 жылы ОРТ телеарнасы көрсеткен сюжеттен кейін Беларусь мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтті деген айыппен жауапқа тартылған телеоператор Дмитрий Завадский (сол жақта) мен журналист Павел Шеремет Ошмянск ауданы сотында отыр. 17 желтоқсан 1997 жыл.

Tut.by порталына комментарий берген Дмитрий Павличенко оппозиция басшыларын ұрлауға өзі басқарған топтың қатысы бары жайлы Гаравскийдің мәлімдемесін "сандырақ" деп атады.

"Гаравский бір жарым жыл жедел қызмет атқарғаннан кейін ішкі әскерді масқара қылды. 1998 жылы келісімшартпен жаңадан қызметкерлер қабылданды. Ақыл-ойы өзгелерден ерекше демеймін, бірақ денсаулығы мықты, қоян-қолтық ұрысқа икемі бар жігіт болатын, оны қатарымызға алдық. Бірақ сол кезде ол ақша бопсалаумен айналысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сондықтан арнаулы жасақ қатыспаған қайсыбір оқиғалар болған кезде, ол жазасын өтеп жатқан. Біз оны қатарымыздан қудық, ол үш не төрт жыл түрмеде отырып шықты" деді Павличенко.

Гаравский болса өмірбаянын басқадай ғып айтады. Оның сөзінше, 1996 жылы әскерге шақырылып, Ішік істер министрлігі ішкі әскерінің №3214 әскери бөлімшесіне түсіп, оқу курсынан өткен. Жедел әскери қызметі аяқталар тұста подполковник Дмитрий Павличенко оған келісімшарт негізінде бірінші ротада қалуды ұсынып, кейін "өзіме қарай тартып аламын" деп уәде берген. 1998 жылы Юрий Гаравский арнаулы топ құрамына қабылданған. Бір жылдан кейін бұл топқа "жедел іс-қимыл арнаулы тобы" (СОБР) деген ресми атау берілген. Кейінірек келісімшарт бойынша тағы оншақты адам қызметке алынып, топтың негізгі құрамы солардан тұрған.

Азаттық радиосына сұхбат берген Минскідегі тергеу изоляторының бұрынғы бастығы, "Расстрельная команда" кітабын жазған полковник Олег Алкаев Гаравскийдің әңгімесінде істің бүге-шігесі, тапсырыс берушілер мен орындаушылардың аты-жөні сияқты дерек-мәліметтер көп екендігіне назар аударып, ондайды "жай ғана ойдан шығара салған" деуге келмейді деп санайды.

Алкаев 2001 жылы Беларусьтің танымал саясаткерлерін ұрлау және өлтіру туралы болжамға байланысты мәлімдеме жасаған. Ол 1999 жылы сол кездегі ішкі істер министрі Юрий Сиваковтың бұйрығы бойынша, ІІМ арнайы жедел іс-қимыл тобының (СОБР) командирі Дмитрий Павличенконы өлім жазасы туралы үкімді орындау рәсімі қалай атқарылатынымен таныстырғанын айтқан. Дәл сол жылы Алкаев өлім жазасы туралы үкімді орындауға қолданылатын ПБ-9 арнаулы тапаншасын министрдің жеке тапсырмасы бойынша екі рет берген.

Алкаев 2001 жылы белгілі беларусь саясаткерлерін ұрлап әкетіп, өлтіру ісін әшкерелеген. Ол 1999 жылы сол кездегі ішкі істер министрі Юрий Сиваковтың тапсырмасымен ІІМ жедел әрекет ету арнаулы отрядының командирі Дмитрий Павличенконы өлім жазасын жүзеге асыру барысымен таныстырғанын айтқан. Дәл сол жылы Алкаев министрдің бұйрығымен екі рет өлім жазасына қолданылатын ПБ-9 арнаулы тапаншасын берген.

Қанша уақыт тіс жармай келді. Енді мойнындағы жүктен арылайын деген шығар.

- Қанша уақыт тіс жармай келді. Енді мойнындағы жүктен арылайын деген шығар. Ондай болады, өз басымнан да өткен. Адам 20 жыл үндемей отырады да, сосын ішіндегісін ақтарады. Айтқаны дұрыс болған. Бұл жақсы. Бастысы адамдардың аты-жөнін атап көрсетті. Оның әңгімесінің қиыспайтын тұстары бар деген сөзге келсек, егжей-тегжейіне келгенде ұқсамаушылық әр кезде болады. Мен өзім куәгермін, іс жүзінде болған кей дүниені байқамай келгем, – дейді Юрий Гаравскийдің сенсациялық сұхбаты туралы пікір айтқан Олег Алкаев.

Прокуратураның бұрынғы тергеушісі, қазір Юрий Захаренконың отбасы мүшелерін (оның әйелі мен балалары Германияға көшіп кеткен) қорғап жүрген құқық қорғаушы Олег Волчек Гаравскийдің ағынан жарылған сұхбаты Захаренконың және Лукашенконың басқа да оппонеттерінің кісі қолынан қаза тапқаны туралы бұрыннан айтылып жүрген болжамдарды растайды деп санайды. "Гаравский 2001 жылы қоғамдық комиссия жүргізген тергеуде мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) бұрынғы қызметкерлері Геннадий Угляница мен Андрей Жерносектің ақпарат құралдарына берген түсініктемесін растады. Олар Лукашенконың саяси қарсыластарының көзін жою механизмдері туралы баяндап, бұл операцияны арнайы жедел іс-қимыл тобы жүргізгенін ашық айтқан. Қазір осы топтың құрамында болған бұрынғы мүшесі бұл ақпаратты кезекті рет растады" деді ол.

Олег Волчектің пікірінше, Захаренко, Гончар мен Красовскийді ұрлап әкету туралы тергеуді жалғастыру үшін бұл мәселе бойынша Еуроодақтың ұстанымы аса маңызды. Волчек Гаравскийдің сұхбатынан кейін 2018 жылы желтоқсанда адам ұрлауға қатысқандарды анықтау мүмкін болмауына байланысты тоқтаған алдын-ала тергеуді қайта бастауға болатынын айтады.

Юрий Гаравский "Беларусь билігі азаматтық қоғамның пікіріне бұрыннан құлақ аспайды, сондықтан Бас прокуратураға аталған істер бойынша тергеу процесін қайта бастау туралы талапты шетелдік институттар беруі керек" деп есептейді. Гаравский Беларусьтен қашқаннан кейін куәгер ретінде түсініктемесін қағазға түсіріп, ресми бағалауға ұсынатынын айтты.

Азаттықтың Беларусь қызметінің тілшісі Ихар Карнейдің материалынан аударылды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG