БҰҰ Бас ассамблеясы Ресей аннексиялап алған Қырымда адам құқығын қорғау туралы резолюция қабылдады. Құжат бірден күшіне енді.
65 мемлекет қарарды қолдап дауыс берсе, 23 мемлекет қарсы шықты, 83 мемлекет қалыс қалды. Құжаттың қабылдануына қарсы дауыс берген елдер арасында Ресей, Беларусь, Қазақстан, Армения, Қытай, Венесуэла, Сирия және Иран болды.
Резолюциядағы негізгі талаптар:
- Ресейден Қырымда қоныс аудару және күштеп көшіру арқылы демографиялық жағдайды өзгерту саясатын тоқтатуды талап ету;
- Қырымда терроризмді қолдады деп айыпталған белсенділердің қамалуын айыптау, атап айтқанда "Ынтымақты Қырым" қоғамдық бірлестік өкілдерінің айыпталуын сынау;
- Пікірін ашық айтқаны үшін ұсталған азаматтарды босатып, оларды қуғындамауға шақыру;
- Барлық заңсыз ұсталған азаматтарды дереу босатуды талап ету және олардың үйлеріне оралуына жағдай жасау;
- Ер адамдарды Ресей әскеріне шақыру тәжірибесін айыптау.
Бұған дейін Украина сыртқы істер министрлігі Ресей аннексиялап алған Қырымда Украина мен Қырым татарларының құқықтары "үнемі бұзылады" деп айтқан. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров мұны "ойдан шығарылған нәрсе" деп атады.
Қыркүйек айында БҰҰ бас хатшысы Қырымда адам құқығының бұзылуы туралы алғаш рет баяндама әзірлеген. Онда Қырым тұрғындарының азаматтық және саяси құқықтары бұзылғаны жайлы деректер келтірілген.
ПІКІРЛЕР