24 желтоқсан күні Шымкенттегі қалалық полиция департаментінің алдына жиналған оннан аса белсенді биліктен "шетелдіктермен төбелесті" деп сотқа тартылған Алматы облысы Қызылағаш ауылының бес тұрғынын босатуды, "Шыңжаңдағы қысымнан қашып, шекара бұзған" қазақтар Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлына (олардың үстінен іс қозғалып, қазір тергеу жүріп жатыр) азаматтық беруді талап етті. Бұдан бөлек, белсенділер өздеріне қысым жасайтын полицейлерді жұмыстан босатуды талап қылып, полиция департаментіне арызданды.
- Қазір жергілікті белсенділерге қысым жасалып жатыр. Мысалы, 16 желтоқсан Тәуелсіздік күнінде желтоқсаншы Қайрат Рысқұлбековтің ескерткіш тақтасына гүл шоғын қойып, құран оқуға да бара алмадық. Полиция таңнан кешке дейін үйімізді торуылдап отырды. Белсенділердің ізіне түскен полиция қызметкерлерінің атын атап, оларды жұмыстан босатуды талап етіп полиция департаментіне арыздандық, - дейді шымкенттік белсенді Нұржан Мұхаммедов.
Белсенділердің сөзінше, полиция арызды қабылдап алған.
Белсенді Жақсылық Жайлауов "қамалудан қашып шекара бұзып, Шыңжаннан Қазақстанға келген" Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлына саяси баспана берілуі керек, "шетелдік жұмысшылармен төбелесіп" қамалған Қызылағаштың бес тұрғыны ақталуы керек деп санайды.
Бұдан бұрын шымкеттік белсенділер "Қытайдың Қазақстандағы жобаларына" қарсы бірнеше рет наразылық өткізген. Наразылық шараларынан соң белсенділер "митинг өткізу заңын бұзды" деп айыпталып, түрлі мерзімге қамалған, кейбіріне айыппұл салынған.
8 қазанда Қызылағаш ауылының бес тұрғыны Қытайдың жиырма шақты азаматын соққыға жығып, оның 11-і жеңіл, үшеуі орта деңгейде жарақаттанған. Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жанжал алдымен Қытайдың төрт жұмысшысы арасында басталып, кейін төбелеске ұласқан. Барлығы – "Citic Construction" компаниясының жұмысшысы. Төбелестен Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсаты бар Қытай азаматы, этникалық қазақ жарақаттанған. Департаменттің мәліметінше, "келесі күні жергілікті тұрғындар мен "Citic Construction" компаниясында жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары "істің байыбына бармай Қытайдан келген жұмысшыларды ұрып-соққан". Этникалық қазақпен төбелескен Қытай азаматтары әкімшілік жазаға тартылып, 10 күнге қамалған. Кейін олар елден шығарылғаны да хабарланған. Тексеріс кезінде "Сitic Constraction" компаниясында 33 шетелдік заңсыз жұмыс істеп жүргені анықталған.
Бес тұрғынның үстінен Қылмыстық кодекстің "қару я суық қару қолданып денсаулыққа зиян келтіру" (293 баптың 3-тармағы) бабы бойынша іс қозғалып, қазір сот өтіп жатыр. Айыпталушылардың адвокаты Жанар Балғабаеваның сөзінше, олар прокурормен процессуалдық келісім жасасады.
ПІКІРЛЕР