Accessibility links

Шымкент соты белсенді Руслан Жанпейісовтің ісін қарай бастады


Белсенді Руслан Жанпейісов (сол жақта) сот залында отыр. Шымкент, 13 қаңтар 2020 жыл.
Белсенді Руслан Жанпейісов (сол жақта) сот залында отыр. Шымкент, 13 қаңтар 2020 жыл.

13 қаңтар күні Шымкенттегі әл-Фараби аудандық соты жол полициясының әрекеттерін видеоға түсіріп танылған белсенді Руслан Жанпейісовтің (шын аты-жөні Бейбарыс Райымбеков – ред.) үстінен қозғалған қылмыстық істі қарай бастады. Істі судья Сәбит Төреханов жүргізді.

Жәбірленуші ретінде Шымкент қаласының тұрғыны Пірім Мұсаев пен қала полициясы департаментінің инспекторы Марат Қуандықов танылған. Олар сот залында өздерін видео, фотоға түсіруге қарсы болды.

Прокурор Сержан Нұрпейісов айыптау актісінде Руслан Жанпейісов Қылмыстық кодекстің "Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру" және "Билік өкілін қорлау" бабымен айыпталғанын хабарлады. Жанпейсіов Пірім Мұсаевтың денсаулығына қасақана зиян келтіргенін және полиция инспекторы Марат Қуандықовты билік өкілі екенін біле тұра балағаттағанын айтты.

Жәбірленушілер Пірім Мұсаев пен Марат Қуандықов іс бойынша қандай да бір пікір айтпады.

Айыпталушы Руслан Жанпейісовтің Азаттыққа айтуынша, "көлік жүргізіп келе жатқан Пірім Мұсаевқа қауіпсіздік белбеуін тағуды ұмытқанын айтқаны үшін таяқ алып жүгірген. Белсенді өзін қорғау мақсатында тапаншамен қызыл бұрыш шашқан. Ал полиция инспекторы Марат Қуандықовты жол жүру ережесін бұзған жүргізушіні тексеруге келген полицейлермен бірге көрген. Өзге жеке көліктің жол жүру ережесін бұзып тұрғанын түсірмек болғанда полицейлер кедергі келтірген".

Жәбірленушілер мен куәлерді тыңдаған соң судья Сәбит Төреханов істі қарауды 21 қаңтарға қалдырды.

2017 жылдың қыркүйегінде Шымкенттегі Абай аудандық соты белсенді Руслан Жанпейісовтің бас бостандығын екі жарым жылға шектеген. Сот оны Қылмыстық кодекстің "Ақпаратты жасырын алудың арнайы техникалық құралдарын заңсыз дайындау, жасау, иемдену, өткізу немесе пайдалану" және "Қоғамдық бірлестіктер мүшелерінің мемлекеттік органдардың қызметіне заңсыз араласу" бабымен айыпты деп таныған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG