Accessibility links

Тараздағы "зорлау оқиғасы" бойынша үкім: Айыпталушы 25 жылға сотталды, оған кастрация жасалады


"Мектеп дәретханасындағы зорлау ісін" қараған Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Кенжеғали Кенжебеков. Тараз, 24 қаңтар 2020 жыл.
"Мектеп дәретханасындағы зорлау ісін" қараған Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Кенжеғали Кенжебеков. Тараз, 24 қаңтар 2020 жыл.

24 қаңтарда Таразда Жамбыл облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында "мектеп дәретханасында оқушыны зорлады" деп айыпталған тұрғынға үкім оқылды. Судья Кенжеғали Кенжебеков 38 жастағы азаматты 25 жыл бас бостандығынан айырып, оған химиялық кастрация жасауды үкім етті. Бұған қоса сот айыпталушыны жәбірленуші жаққа моральдық шығын ретінде 5 миллион теңге төлеуге міндеттеді. Бұл ақпаратты Азаттық тілшісіне Жамбыл облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Кәмелетке толмаған баланы зорлау бойынша тергеу ісі Қылмыстық кодекстің 120 ("Зорлау") және 121-баптарының 4-тармағы ("Жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық") бойынша жүргізілді. Соттың баспасөз қызметінің айтуынша, айыпталушы кінәсін толық мойындаған. Бұл іс бойынша сот қаңтар айының ортасында басталған.

Жәбірленушінің кәмелетке толмағанын ескергендіктен сот процесі жабық өтті.

2019 жылдың 15 қарашасында Тараздағы мектеп ауласындағы дәретханада мектеп оқушысының зорланғаны туралы ақпарат тарады. Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевтің мәліметінше, "күдікті көп ұзамай тұтқындалып, кінәсін мойнына алған". Жәбірленуші күдіктіні таныған. Полицейлер видеокамерадағы бейнежазбаның көмегімен күдіктіні тұтқындағанын айтқан.

Осы істен кейін облыстағы лауазымды қызметте отырған бірнеше басшылар қызметтен кеткен. Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев, білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова, қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбәрак Жинақбаева және оқиға болған мектеп директоры орнынан кетіп, облыс басшысы Асқар Мырзахметовке ескерту берілді.

Оқи отырыңыз: Дәретханадағы оқиғадан соң Тараз әкімі жұмыстан босап, облыс әкімі ескерту алды

Қылмыстық кодекске сәйкес, химиялық кастрация "кәмелетке толмағандарды зорлады" деген айып тағылып, қылмысы дәлелденген 18 жастан асқан тұтқындарға қолданылады.

Желтоқсан айында ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитеті "Зорлау" бабымен сотталған төрт азаматқа химиялық кастрация қолдану үкімі орындалып жатқанын хабарлаған.

2019 жылы шілде айының соңында Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "кәмелет жасқа толмаған екі қызды зорламақ болды" деген айыппен сотталған ер адамға химиялық кастрация шарасын қолдануға үкім еткен.

Қазақстанда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап химиялық кастрация жасау туралы заң күшіне енген.

Қарай отырыңыз: Кастрация педофилия мәселесін шеше ме? (Шілде, 2018 жыл).

Кастрация педофилия мәселесін шеше ме?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:29 0:00

  • 16x9 Image

    Ақсәуле ӘБІТАЙ

    Ақсәуле Әбітай - Азаттықтың Жамбыл облысындағы тілшісі. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG