"Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы жетекшісі Мұхтар Жәкішевке катаракта (көз ауруы) диагнозы қойылды, оның денсаулығы барған сайын нашарлап барады дейді құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина. Оның айтуынша, былтыр наурыз және қараша айларында Жәкішевтің денсаулығы тексерілген.
- Ол тек катаракта ғана емес, өте көп ауруға шалдыққан. Бірақ Мұхтар өзінің денсаулық мәселесі қоғамда талқыланғанын қаламайды, - деді құқық қорғаушы Азаттық тілшісіне.
"Оның қан қысымы жоғары, аяғында үлкен ісіктер бар. 40-тан астам дәрі ішеді" деген құқық қорғаушы "былтыр сотта жағдайын өздеріңіз де көрдіңіздер" деді.
Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, арнайы медициналық жабдықтары жоқ колония мен қаладағы ауруханалар ауруы асқынған Жәкішевке тіпті дұрыс диагноз қоюға да жарамай тұр. Былтыр жыл соңында Жәкішевті санитарлық колонияға емдеуге жіберген, бірақ нәтиже болмаған. Қысы қатаң келетін Семейдің салқын ауа райы да денсаулығына кері әсерін тигізіп отыр.
- Оны былтыр Семейдегі ауруханаға да апарған. Бірақ Семей кішігірім қала. Ол жақта дұрыс тексеріп, дұрыс емдеу тағайындай алмайтыны түсінікті. Бар емі - оған дәрі тағайындайды. Болды, - дейді Бақытжан Төреғожина.
Ал Семей қаласындағы ОВ-156/14 қатаң режимдегі колонияның арнайы бөлімінің жетекшісі Индира Думанбекқызы Мұхтар Жәкішевке қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын айтты.
- Жағдайы тұрақты, медициналық көмек көрсетіліп жатыр, - деді ол 13 ақпанда таңертең Азаттық тілшісіне. Дегенмен ол жаңа диагнозға байланысты ештеңе айта алмайтынын жеткізді.
13 ақпанда Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен ерте босату туралы үшінші өтініші 3 наурызда таңертеңгі сағат 10:00-де Семей қалалық №2 сотта қаралатыны белгілі болды. Судья Жанар Әбенова істі қарайды. Бұл ақпаратты колония мен қалалық сот хабарлады.
Былтыр 24 шілдеде Семей қаласының №2 соты түрмеде отырғанына 10 жылдан асқан Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығу туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан. Семей соты "Жәкішев мемлекетке келтірген 99,6 миллиард теңге (қазіргі курспен 258 миллион доллар) шығынды өтемеді" деген. Қыркүйек айында апелляциялық сот шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Соттың алдында және одан кейін Қазақстанның бірнеше қаласында биліктен Жәкішевті босатуды талап еткен көп наразылық акциялары өтті. Бірақ билік бұл наразылық кезінде айтылған талаптарға құлақ асқан жоқ.
Мұхтар Жәкішев "Венада (Австрия) "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапты, астыртын касса ұстады, күзетшісіне қосымша еңбекақы төлеп келген" деген айыппен 2009 жылы 14 жылға сотталған. Түрмеде отырған кезде үшінші топ мүгедектігін алған Жәкішев өзіне тағылған айыптармен келіспейді.
Оқи отырыңыз: Мұхтар Жәкішевтің ісі. 15 дерек.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Жәкішевті "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Құқық қорғаушылар "Жәкішев елден қашқан Мұхтар Әблязовпен (бұрынғы банкир, Қазақстан билігін сынаушы) араласқаны үшін қысымға ұшырады" деп санайды. Қазақстан билігі елде "саяси тұтқындар жоқ" деп есептейді.
Халықаралық ұйымдар да бірнеше рет Қазақстан билігінен Жәкішевке бостандық беруді сұраған. 2015 жылы Жәкішевтің шағымын қараған Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары жөніндегі Комитеті оның құқығы бұзылғанын растап, Қазақстан билігін тұтқынды босатуға шақырған. 2018 жылы наурыз айында Хельсинки комитеті және "Орталық Азиядағы адам құқығы" қауымдастығы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жазып, "науқас саяси тұтқын" Мұхтар Жәкішевке "адамшылық танытып" түрмеден босатуын сұраған.
Бірақ бұл өтініштердің ешбіріне Қазақстанның жоғары билігі реакция білдірген емес.
ПІКІРЛЕР