Астанада коронавирустан көз жұмған екінші науқас 21 наурызда ауруханаға жағдайы ауыр күйде түскен. Тынысы тарылып, пневмониямен ауыратыны анықталған.
Coronavirus2020.kz сайтының Телеграм арнасындағы дерекке сәйкес, қант диабеті, инсулинге тәуелділік және қан қысымының жоғары болуы жағдайын онан сайын қиындатып жіберген. 22 наурызда реанимацияға ауыстырылып, интенсивті терапия жүргізілген. Диагностика кезінде коронавирустық инфекция бары анықталған.
Интенсивті терапияға қарамастан науқастың жағдайы барған сайын нашарлай берген. 31 наурызда түнгі сағат 3.30 шамасында жүрегі тоқтаған.
Бұған дейін қалалық денсаулық сақтау басқармасы науқастың жасы 50-де болғанын, іссапарларға жиі шыққанын айтқан еді. Марқұмның екі жақынынан коронавирус анықталған.
Соңғы дерек бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырған науқастар саны 325-ке жеткен. Нұр-Сұлтан қаласы коронавирус жұқтырғандар саны бойынша республикада бірінші орында тұр. Мұнда 175 адамнан вирус табылған. Алматыда - 82, Қарағанды мен Атырауда - 13 науқас тіркелген. Елдің басым бөлігінде шектеу шаралары енгізілген.
ПІКІРЛЕР