11 сәуірде денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Диас Ахметшәріп Алматы қаласындағы N12 орталық ауруханада бірнеше дәрігерге коронавирус жұқты деген ақпаратты тексеріп жатқанын хабарлады. Бұған дейін әлеуметтік желіде "орталық ауруханадағы бірнеше дәрігерден коронавирус табылды, бірақ аурухана вирус ошағы ретінде карантинге жабылмай отыр" деген ақпарат шыққан еді.
- Қазір тексеріп жатырмыз. Тексеріп анық-қанығын білейік. Кім ауырды? Шынымен ауырды ма? Ауырса оны қайдан жұқтырған? Анық-қанығын білген соң брифинг жасаймыз немесе ресми ақпарат таратамыз, - деді Диас Ахметшәріп Азаттық тілшісіне.
31 арна тілшісі Ирина Советжанқызы 11 сәуірге қараған түні Facebook желісінде аурухана қызметкерлерінің хатына сүйене отырып, бір медбике, бір санитар, бір травмотолог және бір хирургтан вирус табылғанын жазды.
"Медбике мен санитар кісінің ауырғанына үш күн болған, тест нәтижесін бүгін алыпты. Бірақ Алматының денсаулық сақтау басқармасы Нұр-Сұлтанға хабарлауға асықпай отыр деп айтады. Егер хабарланса, аурухана covid ошағы ретінде карантинге жабылуы керек. Сонда ол ауруханада жатқан онсыз да денсаулығы дімкәс қаншама науқас пен бір ғана қабылдау бөлімінде жұмыс істейтін 500-дей қызметкердің өмірі ойыншық па? Қазір төртеуі де 12-де жатыр, оқшауланған. Бірақ олармен контактіде болғандар қаншама адаммен байланысқа түсіп жатыр емес пе?..." деп жазды.
11 сәуірде таңертең Азаттық тілшісі орталық ауруханаға хабарласқан кезде қызметкерлері "жиналыс өтіп жатыр, кейінірек хабарласыңыз" деп тұтқаны қоя салды. Ал кейбір қызметкерлерлер "ештеңе айта алмаймыз" деді.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі бар ақпаратты министрліктен алу қажеттігін айтты.
Алматы - коронавирус жұқтырғандар саны жағынан Қазақстанда Нұр-Сұлтаннан (229) кейін тұр. Соңғы мәлімет бойынша, мұнда 128 адамнан коронавирус табылған. 10 сәуірде бір күнде екі науқас вирустан қайтыс болды.
Барлығы 28 науқас жазылған. Олардың арасында балалар да бар. Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі Нұр-Сұлтан мен Алматыда вирус жұқтырғандар айтарлықтай азайғанын, бірақ кейбір аймақта эпидемияның жылдам таралуы байқалатынын мәлімдеген.
Қарай отырыңыз: Қазақстанда вирустың тарау динамикасы (Гистограмма)
ПІКІРЛЕР